Жаңалықтар

Елде қолма-қол төлемдер жойыла ма – Қаржы министрлігі жауап берді

Елде цифрландыру қарқыны артқан сайын мемлекеттік қызметтерге қолма-қол ақшамен төлеу мүмкіндігі жойыла ма? Бұл сұраққа Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жауап берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Тұрысовтың айтуынша, елімізде қолма-қол ақшасыз төлем жасау кеңінен таралған. Десе де, жұртшылық мемлекеттік қызметтердің ақысын қолма-қол ақшамен төлеу құқығын сақтап қалады.

«Мұндай құқық әрбір азаматта сақталады. Менің ойымша, Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі басқа елдермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Ұлттық банк бізбен бірлесіп, қолма-қол ақшасыз төлемдерді ынталандыру үшін барлық қажетті шараны қабылдап жатыр. Қаржы министрлігі де екінші деңгейлі банктермен қазынашылық операцияларды қолма-қол ақшасыз жүргізеді», – деді Әсет Тұрысов.

Вице-министр мемлекеттің қолма-қол ақшасыз төлем тәсілдерін ынталандырып отырғанын, алайда қолма-қол немесе қолма-қол ақшасыз төлеу туралы шешімді азаматтардың өздері қабылдайтынын атап өтті.

Back to top button