Экс-министр Азамат Есқараев жаңа қызметке тағайындалды
Мемлекет басшысының өкімімен Азамат Есқараев Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Бұған дейін ол Қазақстанның Үндістандағы және қоса атқарған тағы төрт елдегі елшілік қызметінен босатылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Елшілік қызметінен Президент Әкімшілігіне ауысты
Азамат Несіпбайұлы Есқараев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімін басқаратын болды.
Мемлекет басшысының Жарлығымен ол Қазақстанның Үндістан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымынан босатылды. Сонымен бірге Бангладеш Халық Республикасындағы, Бутан Корольдігіндегі, Мальдив Республикасындағы және Непалдағы елшілік қызметін қоса атқару өкілеттігі тоқтатылды.
Есқараев Қазақстанның Үндістандағы елшісі болып 2025 жылғы 7 сәуірде тағайындалған еді.
Бұған дейін әділет министрі болған
Азамат Есқараев 1979 жылы Алматыда туған. 2000 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын тәмамдаған.
Еңбек жолын сол жылы Әділет министрлігінің Заңнама департаментінде жетекші маман ретінде бастаған. Кейін министрлікте түрлі қызмет атқарып, Талдау және стратегиялық жоспарлау департаментін, сондай-ақ Заңнама департаментін басқарған.
2005–2006 жылдары Алматы қаласы әкімінің бас инспекторы, 2006–2007 жылдары «Қазына» орнықты даму қорының заң қызметі департаментінде бас менеджер болған.
2014–2023 жылдары Премьер-Министр Кеңсесінің Заң бөлімі меңгерушісінің орынбасары және меңгерушісі қызметтерін атқарған.
2023–2025 жылдары Қазақстанның әділет министрі болды. Одан кейін дипломатиялық қызметке ауысып, Үндістандағы елшілікке тағайындалды.