Леонардо да Винчи деген есімді естігенде көпшілігіміздің ойымызға бірден әйгілі «Мона Лиза» картинасы келеді. Ұлы италиялық шебер тек суретші ғана емес, көрнекті ғалым, инженер, өнертапқыш әрі анатом болғанын білесіз бе? Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтіп жатқан «Леонардо да Винчи: қайта өрлеу дәуірінің ғұламасы» көрмесіне барған Tizgin.kz тілшісі алған әсерін оқырмандарымен бөліседі.
АДАМНЫҢ ДЕНЕСІ – МІНСІЗ МЕХАНИЗМ

Леонардо да Винчи XVI ғасырдың басында-ақ адам денесінің құрылысын жан-жақты зерттеген. Ол адам денесін «мінсіз механизм» деп санаған. Өз бетінше анатомиялық зерттеулер жүргізіп, ағзалардың, бұлшықеттер мен сүйектердің таңғаларлық дәлдікпен салынған суреттерін жасаған. Ол адамның жүрегін зерттеуге ерекше қызығушылық танытқан. Оның суреттерінде жүректің ішкі құрылымдары бейнеленген. Ұзақ уақыт бойы бұл құрылымдардың нақты қызметі ғылым үшін жұмбақ болып келді. Леонардо бұл бұлшықет талшықтары мен ішкі бөліктер қанның ағза ішінде дұрыс қозғалуында маңызды рөл атқарады деп болжаған.
Арада бес ғасырға жуық уақыт өткенде ғана заманауи зерттеушілер жаңа технологиялардың көмегімен Леонардоның тұжырымдарының дұрыстығын растады. Ғалымдар оның мұқият бейнелеген құрылымдары шынымен де жүректің қанды тиімді айдауына көмектесетінін анықтады. Микроскоптар, компьютерлік томография және басқа да заманауи зерттеу құралдары пайда болмай тұрып өмір сүрген адамның осындай дәл бақылау жасағаны таң қалдырмай қоймайды.

Леонардоның адам денесінің анатомиясы мен пропорцияларын зерттеуі оның кейін әлемге әйгілі болған портреттерін жазуда ерекше маңызға ие болды. Ол дененің әрбір бөлігін — қолды, білекті, көзді, ауызды аса мұқият бейнелейтін. Бұл бөлшектерді ол көрерменге адамның сезім-күйін жеткізетін құрал ретінде пайдаланды. Ол дененің ішінде не бар екенін, оның қалай жұмыс істейтінін және өмір тоқтаған кезде не болатынын түсінгісі келді. Осы мақсатта Леонардо отбасы жоқ адамдардың немесе өлім жазасына кесілген ерлер мен әйелдердің денелеріне анатомиялық зерттеулер жүргізді. Бұл зерттеулер Флоренцияның тарихи орталығында орналасқан және бүгінгі күнге дейін жұмыс істеп тұрған Санта-Мария-Нуова ауруханасының жертөлесінде өткізілген. Ол адамның сүйектерін, көктамырлары мен артерияларын, бұлшықеттері мен сіңірлерін, көздері мен жүйке жүйесін мұқият зерттеп, қағаз бетіне түсірді.
ӨЗ ДӘУІРІНЕН ОЗЫҚ ТҰЛҒА
Бұл – Леонардо да Винчидің жалғыз жетістігі емес. Оның жазбаларынан ұшу аппараттарының жобаларын, парашюттің прототипін, су астында пайдаланылатын құрылғылардың идеяларын, әскери техниканың сызбаларын және тіпті қазіргі роботтарға ұқсайтын механикалық құрылғылардың жобаларын кездестіруге болады. Оның көптеген идеялары өз дәуірінен жүздеген жылға озық болды және тек кейінгі ғасырларда ғана жүзеге аса бастады.
1500 жылдары Флоренцияда білім алып, Қайта өрлеу дәуірінің гүлденген кезеңінде өмір сүрген Леонардо да Винчи күрделі мәселелерді шешуге және ауқымды жобаларды жүзеге асыруға ерекше қабілетті болған. Соның бірі – адамзаттың ежелгі арманы болған ұшу идеясын жүзеге асыруға деген талпынысы.
Леонардо да Винчидің пікірінше, машиналар, адам денесі және табиғат әлемі бірдей мызғымас заңдарға бағынады. Бұл көзқарас оның шеберлікпен салынған суреттерінде көрініс тапқан. Аталған еңбектер қазіргі ғылыми иллюстрацияның дүниеге келуінің бастауы болды.
Тікұшақтың алғашқы идеясы

Алғашқы нағыз тікұшақ тек XX ғасырда жасалғанымен, XV ғасырдың соңында Леонардо да Винчи салған сызбалар қазіргі ұшу аппараттарының жобаларына өте жақын болғаны айтылады. Ол өз өнертабысын іс жүзінде жүзеге асыра алмағанымен, оның жазбалары мен сызбалары құрылғының жұмыс істеу қағидаларын дәл сипаттап берген.
Парашют жобасы

Алғашқы практикалық парашютті 1783 жылы француз өнертапқышы Луи-Себастьян Ленорман жасаған деп есептеледі. Ал көптеген сарапшылар Леонардо да Винчи парашюттің идеясын одан бірнеше ғасыр бұрын ұсынғанын айтады. Тікұшақтағы сияқты, Леонардо бұл жобаны да толық жасап шығара алмағандықтан –оның еңбегі жиі ескерілмей қалады. Соған қарамастан, оның сипаттамасы өте нақты болған. Леонардо былай деп жазған:
«Егер адамның барлық тесіктері жабылған зығыр матадан жасалған шатыры болса және оның ені мен биіктігі он екі браччия болса, онда ол кез келген биіктіктен құлап түссе де жарақат алмайды».
2000 жылы экстремал Адриан Николс Леонардоның сызбалары негізінде парашюттің үлгісін жасап, сынақтан өткізді. Сәтті қонғаннан кейін ол бұл құрылғымен ұшу кәдімгі парашютке қарағанда әлдеқайда бірқалыпты болғанын айтты.
Өздігінен жүретін арба

Леонардо да Винчидің өздігінен жүретін арбасы қазіргі автомобильдің арғы атасы саналады. Ол итерусіз қозғалу үшін жасалған. Құрылғы бұралмалы серіппелердің көмегімен қозғалысқа келтірілді. Сонымен қатар, онда тежегіш жүйесі мен алдын ала бағдарламаланатын басқару механизмі болған. Өкінішке қарай, Леонардо бұл жобасын да толық жүзеге асыра алмады. Соған қарамастан, оның идеялары кейінгі ғасырлардағы көлік техникасының дамуына негіз болған жаңашыл ойлардың бірі ретінде бағаланады.
Леонардо да Винчидің қолжазбалары

Леонардо әлемді тану үшін бақылау жасап, зерттеп, сұрақ қоя білу керек деп есептеген. Ол қайта өрлеу дәуірінің символына айналып, адамзат тарихындағы ең ұлы данышпандардың бірі ретінде танылды.
Өзінің әйгілі картиналарынан бөлек, Леонардо да Винчи ұрпаққа көптеген жазба дәптерін қалдырды. Қазіргі кезде олар «кодекстер» деп аталады. Бұл дәптерлер түрлі жазбалар мен сызбаларға толы, олардың кейбірі әлі күнге дейін толық зерттеліп, шешімі табылған жоқ. Сол жазбаларда ғалымның, данышпанның әрі жазушының таңғажайып қызметі көрініс тапқан.
Мона Лиза. Лувр мұражайы

Әлемдегі ең танымал өнер туындысы саналатын «Мона Лиза» картинасын көру үшін күн сайын мыңдаған келуші Лувр мұражайына барады. Олардың көпшілігін картинадағы әйелдің жұмбақ жанары мен құпияға толы күлкісі баурап алады. Алғаш қарағанда жұқа желек жамылған, қарапайым киінген, әшекейсіз жас әйелдің портреті ерекше ештеңесі жоқ сияқты көрінуі мүмкін, алайда дәл осы қарапайымдылықтың астарында Леонардоның шынайылықты бейнелеудегі ғажайып шеберлігі жатыр.
Леонардо бейнелеу өнеріне реңктердің нәзік ауысуы, жарық пен көлеңкенің үйлесімі және лессировка сияқты әдістерді енгізді. Дәл осы тәсілдер оның картиналарын ерекше тірі әрі шынайы етіп көрсетті. Кейін бұл әдістерді өнер әлемінің ұлы шеберлері, соның ішінде Караваджо атымен танылған Микеланджело Меризи де қолданды.
Витрувиан адам

Бұл – Леонардо да Винчидің қалам және сиямен салған әйгілі суреттерінің бірі. «Витрувиан адамы» суреті Леонардоның кемел шағында жүргізген көптеген жазба дәптерлерінің бірінен алынған. Оған римдік сәулетші Витрувийдің б.з.д. I ғасырда жазылған сәулет туралы еңбегіндегі адамның мінсіз дене пропорциялары жөніндегі тұжырымдарына арналған айна жазуымен жазылған жазбалар қоса берілген.
Сурет Витрувийдің «мінсіз адам бір уақытта әрі шеңберге, әрі шаршыға сыйып кетуі мүмкін» деген теориясын бейнелейді. Бұл екі пішін бір-біріне үйлеспейтін болып саналатын. Леонардо бұл идеяны ерекше тәсілмен көрсетті. Ол ер адамның денесін бірінің үстіне бірі салынған екі қалыпта бейнеледі: бір қалыпта қолдары жан-жаққа созылып, шаршыға сыйып тұрса, екіншісінде аяқ-қолдары кең ашылып, шеңбердің ішіне орналасқан.
Ол Витрувий идеяларын суретпен бейнелеген алғашқы адам болмаса да, дәл осы сурет кейін ең танымал әрі символдық туындыға айналды, себебі математика, философия және өнердің үйлесуі Қайта өрлеу дәуірінің мәнін дәл бейнелейтін белгі ретінде қабылданды.
Қазіргі уақытта бұл сурет Венециядағы Академия галереясында сақтаулы тұр. Ол көпшілікке тұрақты түрде көрсетілмейді, арнайы микроклиматтық жағдайда архивте сақталады.
Автопортрет (шамамен 1517–1518 жылдар)

Тарихшылар оны өте келбетті, бойшаң, сәнді киінетін, тіпті өзі жобалаған ерекше үлгідегі киімдерді киетін адам ретінде сипаттайды. Ол тартымды әрі шешен әңгімелесуші болып, адам өміріне қатысты сан алуан тақырыптарды емін-еркін қозғай алатын.
Ұзын толқынды шашы мен сақалы бар қарт адамның қызыл бормен салынған бұл бейнесі ұзақ уақыт бойы Леонардоның автопортреті деп есептеліп келді. Сурет соншалықты жиі жарияланып, көшірілгендіктен, көптеген адамдар Леонардоны дәл осы бейне арқылы елестетеді. Кейбір зерттеушілер суреттегі адамның қатал келбеті, түйілген қасы мен төмен қараған көздері оның нақты жасынан әлдеқайда үлкен көрінетінін айтады. Ол 67 жасында қайтыс болғандықтан, бұл бейненің жасы одан едәуір үлкен адамды көрсететіндей әсер қалдырады.
Кейбір ғалымдар бұл сурет Леонардоның гротеск стиліндегі жұмыстардың бірі болуы мүмкін деп болжайды. Ол дәптерлерінде ерекше әрі өзгеше келбетті адамдардың эскиздерін жиі салатын болған.
«БҮГІН СЕНІҢ МИЫҢДА ТУҒАН ИДЕЯ — ЕРТЕҢ БҮКІЛ ӘЛЕМДІ ӨЗГЕРТУІ МҮМКІН»
Көрмеде жасанды интеллект арқылы тіл біткен Леонардо да Винчи былай дейді:
«Менің суреттерім, сызбаларым, қолжазбаларым күндердің бір күнінде адам санасында пайда болған «Ал егер осылай болса ше?» деген сұрақтан басталған. Ұлы жаңалықтар осылай қарапайым қызығушылықтан, білуге құштарлықтан пайда болады. Кей идеяларым жүзеге асуы мүмкін емес, тіпті ақылға сыймайтындай болып көрінген, бірақ уақыт ең керемет армандарды орындайтын қабілетке ие. Қазіргі өміріңіздің ажырамас бір бөлігіне айналған бірқатар технологияның идеясының авторы – мен болам. Мен құстың қанат қағу принципімен ұшатын аппарат, парашют, өздігінен қозғалатын арбаның жобасын ойлап таптым. Мұның бәрін зерттеген кезде табиғаттың тылсым тілін түсінгім келді. Жаратушы табиғаттың тылсым тілі арқылы сөйлеседі. Өмірде бәрі қимыл-қозғалыспен байланысты. Мен бейнелеу өнерімен айналысқан кезде ешқашан адамның сыртқы бейнесін ғана салуды мақсат тұтпадым. Мен адамның ішкі құрылысына назар аудардым. Күн сәулесі адамның терісімен қалай жанасатынына, кейде бір ғана көзқарас сөзден артық нәрсе айта алатынына таң қаламын. Мен салған суреттегі адамның жүзі тыныс алып тұрғанын, көзінде ой болғанын, ал мүсіні тірі сияқты әсер қалдырғанын қаладым. Суретші –көшірме жасамайды. Мен адамның анатомиясын: бұлшықет, сүйек, буындардың қозғалысын, жүректің соғысын зерттедім. Неге адамның саусақтары дәл осылай қозғалатыны, адамның жанары қалайша жанның күйін көрсете алатыны маған қызық болды. Мен басты ақиқатты түсіндім: жаратылыстағы ең басты нәрсе, ең үлкен жаңалық – адам. Әлемге баланың көзімен қарап көріңдер. Әр адамның ішінде жаратушының күші бар. Армандаудан, қателесуден қорықпаңдар. Қателесу – үлкен жаңалық ашуға алып келеді. Бүгін сенің миыңда туған идея — ертең бүкіл әлемді өзгертуі мүмкін. Осы сөздерден кейін жүрегіңде кішкентай шабыт ұшқыны пайда болса –онда мен жүріп өткен жол бекер емес».
ЛЕОНАРДО ДА ВИНЧИДІ ТАНУ АРҚЫЛЫ ӨЗІҢІЗДІ ТАНИ АЛАСЫЗ
Осы орайда психоаналитик Анна Құдияроваға ол тірі болса – қандай сұрақ қоюы мүмкін екенін сұрадық.
«Психоаналитик ретінде алдыма алғашқы сұхбатқа келген адамға қандай сұрақ қоямын – оған да сол сұрақтарды қояр едім. Леонардо да Винчидің ата-анасы ресми некеде тұрмаған. Оның әкесі – Сер Пьеро да Винчи ауқатты нотариус болса, ал анасы – Катерина есімді қарапайым шаруа қыз болған. Ата-анасы үйленбегендіктен, Леонардо алғашқы 3 жыл анасымен бірге тұрды. Кейін әкесі оны өз қамқорлығына алып, Флоренциядағы үздік шеберлердің бірі – Андреа дель Верроккьоның студиясына оқуға берген. Ол алғашқы сұхбатты менен өтсе – анасыз өскенін есіне алып, оны сағынғанын айтып жылар еді. Ол көруге, білуге құмар болған. Ағаштың қалай өсетіні, көбелектің қалай ұшатыны сіздерге де қызық болар? Көп адам өмірдегі сәтсіздіктеріне ата-анасын кінәлап өтеді. Ал Леонардо да Винчи бойындағы күш-қуатын өнерге, ғылымға жұмсаған. Ол өмірде өкпелей беруден де қызық нәрселер бар екенін білген. Соған қарағанда ол өзінің өміріне көңілі толған. Леонардо да Винчидің еңбектерімен танысу – өзіңізбен танысуға алып келеді деп ойлаймын. Бұрын нені істеп көрмедіңіз – соны істеп көруге, бұрын нені зерттеп көргіңіз келді – соны зерттеп көру ешқашан кеш емес», – дейді психоаналитик.
Осы орайда Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында 19 мамыр мен 30 қыркүйек аралығында әйгілі Леонардо да Винчидің өмірі мен ғылыми ізденістеріне арналған Leonardo da Vinci: Genius of the Renaissance халықаралық көрмесі өтіп жатқанын тағы бір хабарлап өтейік. Көрме шамамен 3 мың шаршы метр аумақты қамтиды. Кеңістік ауа, су, жер және от тақырыптарына бөлінген. Бұл келушілерге Леонардоның табиғат күштерін, қозғалысты, адам анатомиясын және механика заңдылықтарын қалай зерттегенін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.