Жаңалықтар

Дубай портында Кувейттің мұнай танкеріне шабуыл жасалды

Біріккен Араб Әмірліктері жағалауында Дубайдан шамамен 57 шақырым қашықтықта, белгісіз снаряд тигеннен кейін танкерде өрт шықты. Бұл туралы 31 наурызға қараған түні Ұлыбритания әскери-теңіз күштеріне қарасты Теңіз сауда тасымалдарын үйлестіру орталығы (UKMTO) өз сайтында хабарлады. Кейін мемлекеттік Kuwait News Agency (KUNA) бұл Кувейттің Al-Salmi танкері екенін нақтылады.

UKMTO мәліметінше, «белгісіз снаряд танкердің оң жақ бортына тиіп, кемеде өрт шыққан».

«Экипаж қауіпсіз жерде. Қоршаған ортаға зиян келмеген», – делінген хабарламада.

Дубай билігі өрттің сөндірілгенін растады. Сондай-ақ олар соққы дрон арқылы жасалғанын мәлімдеді.

KUNA агенттігінің дерегінше, шабуыл кезінде кеме толық жүктелген күйде якорьде тұрған. Танкердің сыйымдылығы шамамен 320 мың тонна мұнайға дейін жетеді. Агенттік «тікелей әрі қасақана жасалған» шабуыл корпусқа зақым келтіріп, мұнайдың төгілу қаупін тудырғанын атап өтті.

Сонымен қатар, 31 наурызға қараған түні Дубайда тағы бір оқиға тіркелді. Әл-Бада ауданындағы бос тұрған үйге атып түсірілген зымыранның сынықтары құлап, өрт шыққан. Қала билігінің мәліметінше, ғимарат маңында болған төрт адам жеңіл жарақат алған.

Осы түні соққылар туралы басқа елдердің билігі де хабарлады. Кувейттің қорғаныс министрлігі «жау тарапынан жасалған зымыран және дрон шабуылдарының» тойтарылып жатқанын мәлімдеді. Бахрейн ІІМ елде шабуыл қаупіне байланысты дабыл сиреналары қосылғанын хабарлады.

Сауд Арабиясының қорғаныс министрлігі елге бағытталған сегіз баллистикалық зымыранның жойылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар UKMTO Сауд Арабиясының Рас-Таннура порты маңында (шамамен 40 км) контейнер тасымалдаушы кеменің жанында екі снарядтың құлағанын хабарлады.

28 ақпаннан бері АҚШ пен Израиль аумағына әуе соққыларын жасап келеді. Соның салдарынан Иранның жоғары діни жетекшісі Әли Хаменеи мен бірқатар жоғары лауазымды тұлғалар қаза тапқаны хабарланған.

Өз кезегінде Иран Израильге және Парсы шығанағындағы елдерге зымырандар мен дрондар арқылы жауап беріп жатыр. Ресми Тегеран мұндай шабуылдардың мақсаты – өңірдегі америкалық әскери базалар екенін мәлімдейді.

Back to top button