TOP-2Жаңалықтар

Динара Құлыбаеваның жекеменшік мектебі бір жылда 1 млрд теңгеден артық пайда тапты

Құлыбаеваның мектебі Қазақстандағы ең қымбат мектептің бірі саналады

Алматыдағы «Мирас» халықаралық мектебі 2025 жылдың қорытындысы бойынша 1,24 млрд теңге жиынтық пайда тапқан. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен шамамен 28 пайызға көп, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы оқу орнының жарияланған қаржылық есебіне сілтеме жасап.

Түсімі 4,7 млрд теңгеге жетті

2024 жылы мектептің жиынтық пайдасы 971,3 млн теңге болған. Бір жылдың ішінде бұл көрсеткіш шамамен 269 млн теңгеге көбейіп, 1,24 млрд теңгеге жеткен.

Оқу орнының жалпы түсімі де айтарлықтай өскен. 2024 жылы мектеп 3,99 млрд теңге кіріс тапса, 2025 жылдың қорытындысында бұл сома 4,7 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Жылдық өсім шамамен 17 пайызды құрады.

Табыстың негізгі бөлігі, яғни 4,15 млрд теңгесі білім беру қызметтерінен түскен. Сонымен қатар мектеп мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында 384,6 млн теңге, ал қосымша білім беру қызметтерінен 143,06 млн теңге кіріс алған.

Оқу ақысы айына 701 мың теңге

Алматыдағы «Мирас» халықаралық мектебі NNEF қоғамдық қорының филиалы саналады. Adata.kz дерегіне сәйкес, қордың қазіргі құрылтайшылары – Динара Құлыбаева мен Галина Самарская. Оқу орны Forbes Kazakhstan жасаған Астана мен Алматыдағы табысы ең жоғары 25 жекеменшік мектептің рейтингіне енген. 2026 жылғы тізімде «Мирас» болжамды 4,4 млрд теңге кіріспен тоғызыншы орынға жайғасты. Мектептегі оқу ақысының орташа мөлшері айына 701 мың теңге деп көрсетілген.

Динара Құлыбаева жұбайы Тимур Құлыбаевпен бірге Forbes Kazakhstan жариялаған Қазақстанның ең бай 75 кәсіпкері рейтингінде үшінші орынды иеленеді. Сондай-ақ ол еліміздегі ең дәулетті 25 әйелдің тізімінде көш бастап тұр. Басылым оның байлығын 5,4 млрд долларға бағалаған. 2026 жылғы наурыздағы мәлімет бойынша, Құлыбаева Forbes-тың әлемдік миллиардерлер рейтингінде 780-орында орналасқан.

Back to top button