Диктант, шығарма, бақылау жұмысы: 2-4 сыныптарда жаппай аралық бағалау өтеді
23-30 қыркүйек аралығында мектептерде 2-4 сынып оқушылары үшін алғашқы аралық бағалау өтеді. Оқушылар пәнге қарай диктант, шығарма, мазмұндама немесе бақылау жұмысын жазады. Әр жұмысқа 40 минут беріледі, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қай пәннен қандай тапсырма беріледі
2026–2027 оқу жылында 2-4 сыныптарда формативтік және аралық бағалау қатар жүргізіледі. Біріншісі оқушының күнделікті сабақтағы оқу жетістігін бағалауға бағытталса, екіншісі оқу бағдарламасының аяқталған бөлімдері бойынша өткізіледі. Бұл екі тәсіл бірін-бірі толықтырады.
Аралық бағалаудың форматы пәнге байланысты:
- Қазақ тілі немесе орыс тілі: диктант және оқу сауаттылығына арналған тапсырмалар беріледі. Оқушының сауатты жазуы мен мәтін мазмұнын түсінуі бағаланады.
- Әдебиеттік оқу: шығарма немесе мазмұндама жазылып, оқу сауаттылығына арналған тапсырмалар орындалады. Мәтінді түсіну, негізгі ойды анықтау және өз ойын жүйелі жеткізу ескеріледі.
- Математика: бақылау жұмысы өткізіледі. Есептеу дағдыларымен бірге есептің шартын түсіну, шешу жолын дұрыс таңдау және жауабын негіздей алу қабілеті бағаланады.
Әр аралық бағалау жұмысының ұзақтығы – 40 минут. Ең жоғары балл 2-сыныпта – 12, 3-сыныпта – 14, 4-сыныпта – 16 балл.
Күнделікті бағалау қалай жүргізіледі
Формативтік бағалау тоқсан бойы жалғасады. Мұғалім әр оқушыны өткізілген сабақтардың кемінде 30 пайызында бағалап, тоқсанға жоспарланған оқу мақсаттарының кемінде 50 пайызын қамтуы тиіс. Нәтиже 1–10 балдық шкала бойынша бағаланады.
Каллиграфия арнайы бағалау мақсаты болмаса, оқушының жазу ерекшелігі үшін балл төмендетілмейді. Ал 1-сыныпта балдық бағалау жүргізілмейді.
Бағалаудың негізгі міндеті — оқушының оқу материалын қаншалықты меңгергенін анықтау, ілгерілеуін бақылау және қай тұста қолдау қажет екенін көрсету. Сондықтан бағалау нәтижесі баланың әрі қарай оқуына бағыт беретін кері байланыс құралы болуы тиіс.