«Дәрігерге жету қиын болып кетті»: депутат медицина мәселесін көтерді
«Әділет» партиясының мүшесі Арман Жаңсегіров консультациялық-диагностикалық көмекті күту кезіндегі мәселелерді тізбелеп, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қабылдау кезіндегі қиындықтар
Депутат көтерген тақырыптар консультациялық-диагностикалық көмекті күту мерзімдері, № ҚР ДСМ-37 бұйрық нормаларының қайшылықтары және оларды жою шараларын қамтыды. Арман Жаңсегіров алдымен ҚР ДСМ №37 бұйрығна енгізілген өзгерістерде бірқатар жағымды жаңалықтар бар екенін айтты. Одан бөлек, бейінді маман пациентті тексерулерге және әріптестеріне жіберуге құқылы екенін, қабылдау кестелері 60 күнге жарияланатынын алға тартты.
Сонымен қатар бейінді мамандардың қолжетімділігі азаматтар өтініштерінің негізгі себебі болып қала береді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 2 925 шағым түсті. Олардың көбі Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола облыстарынан және Астана қаласынан тіркелді, – делінген сауалда.
Күту мерзімі нормативтік тұрғыда бекітілмеген
Депутат сөзінше, бірыңғай шекті күту мерзімі нормативтік тұрғыда бекітілмеген. Қордың мониторинг ережелері 10 күнді, Қор түсіндірмелері 15 жұмыс күнін көздейді.
Кестені 60 күнге жариялау міндеті бастапқы жоспарлы өтініштер басымдығымен қатар жүрмейді. Бұл ресми кедергісіз бір айдан кейін және одан да кешірек талондар беруге мүмкіндік береді. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек дәрігерінің қабылдау мерзімі регламенттелмеген, сондықтан пациент маршрутының жалпы ұзақтығы шектелмеген, – деді депутат.
Депутат ұсынысы
Оның сөзінше, «Үштен аспайтын» жолдама шектеуі қосарланған патологиясы бар пациенттердің қажеттіліктерін ескермейді. Бұдан бөлек, маманның пациентті қайта қабылдауға жазу құқығы «ауыру жалғасуда» деген нәтижеге байланыстырылған. Ал бұл нәтижені формальды түрде қою қаупін туғызатын көрінеді.
Арман Жаңсегіров диспансерлік есепте тұрғандар үшін бейінді дәрігерге тек мобильді қосымшалар арқылы жазылу егде жастағы және ауыл тұрғындарының қабылдауға жазылуын қиындық туғызатынын жеткізді. Оның министрге білдірген ұсыныстары төмендегідей:
- қағидаларда жоспарлы көмекті күтудің бірыңғай шекті мерзімін, онкологиялық ауруға күдік болған кезде және балалар үшін қысқартылған мерзімдерді бекіту;
- қосымша орындаушыға қайта бағыттаумен мерзімдерді автоматты бақылауды, жария мониторингті енгізу және штаттық нормативтер мен тарифтерді қайта есептеу;
- жолдамалар көлемін клиникалық хаттамамен айқындау және қайта жазылудың емдеу нәтижесіне байланыстырылуын алып тастау;
- бейінді дәрігерге тікелей жазылуды тіркеу орнына, колл-орталыққа тарату.