Жаңалықтар

«Бытыраңқы миллион біріккен мыңнан әлсіз»: саясаттанушы ҚХП неге жеңілгенін түсіндірді

Саясаттанушы Асхат Асылбеков бұрынғы коммунистік партияның мұрагері саналатын Қазақстан халық партиясының Құрылтай сайлауындағы сәтсіздігіне қатысты пікір білдірді. Оның пайымынша, партия қатарында металлургтердің белгілі кәсіподақ көшбасшысының болуы да еңбек адамдарының жаппай қолдауына қол жеткізуге мүмкіндік бермеген, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Жұмысшылар неге өздерін біртұтас күш ретінде сезінбейді

Саясаттанушы Қазақстанда мұнай-газ және тау-кен өнеркәсібінде, машина жасау, құрылыс, энергетика, химия және жеңіл өнеркәсіп салаларында, көлік пен байланыс жүйесінде жүздеген мың жалдамалы жұмысшы еңбек ететінін атап өтті. Елдің нақты байлығын жасайтын да – осы адамдар.

Алайда Асхат Асылбековтің пікірінше, жұмысшылардың едәуір бөлігі бүгінде солшыл идеялардан, өзінің таптық мүддесін түсінуден және бір-бірімен ынтымақтасудан алыстап кеткен.

«Жұмысшыны міндетті түрде күшпен жеңудің қажеті жоқ. Оны жұмысшы емес, жай ғана “жақсы өмір сүргісі келетін адам” екеніне сендіру әлдеқайда тиімді. Оның мүддесі тек жалақы, несие, көлік, пәтер мен қызметтен тұрады деген түсінік қалыптасты. Ал басқа цехтағы, басқа қаладағы немесе өзге саладағы жұмысшы жолдас емес, бәсекелес ретінде қабылдана бастады», – дейді саясаттанушы.

Оның сөзінше, осылайша таптық ынтымақтың орнын әркімнің жеке басын аман алып қалуға бағытталған күресі басты.

Саясаттанушы мұның бірнеше себебін атады. Біріншіден, Кеңес Одағы тарағаннан кейін экономикалық жүйе ғана өзгерген жоқ. Ұжымдық әрекет ету идеясына да ауыр соққы тиді. Кеңестік жүйенің беделсізденуімен бірге қоғам социализмнен бастап кәсіподақ ынтымағына дейінгі солшыл құндылықтардың бәрінен сырт айнала бастады.

Екіншіден, жекешелендіру мен ірі жеке капиталдың пайда болуы жұмысшылардың психологиясын өзгертті. Қызметкер мемлекетке емес, нақты меншік иесіне, жұмыс беруші мен басшыға тәуелді болды. Ал бір адамның қолында жалақы мен қызметтік өсу мүмкіндігі шоғырланған жерде қорқыныш та пайда болады. Үшіншіден, тәуелсіз кәсіподақтар жаппай қоғамдық күшке айнала алмады. Көп жағдайда кәсіподақ жұмысшылардың құқығы үшін күресетін ұйымнан жолдама, сыйлық таратып, мерекелік іс-шара өткізумен шектелетін құрылымға айналды. Төртіншіден, түрлі салада еңбек ететін адамдардың арасы алшақтады. Мұнайшы өзін шахтермен, шахтер құрылысшымен, ал құрылысшы мұғаліммен бір әлеуметтік топтың өкілі ретінде сезінбейді. Ірі кәсіпорын жұмысшысы да өзінің жалақысы мен өзі өндірген құнның қалай бөлінетіні арасындағы байланысты аңғара бермейді.

«Саяси білім кенже қалды»

Асхат Асылбеков еңбек адамдарына саяси білім беру ісінің де кенже қалғанын айтады. Оның пікірінше, кәсіподақтардың жұмыс берушіге тәуелді болуы олардың негізгі міндеттерін толық атқаруына кедергі келтірген. Саясаттанушы еңбек заңнамасы да жұмысшының мүддесін толық қорғай алмай отыр деп есептейді. Оның пайымынша, Теңбек кодексінің мазмұны әлсіреп, Кәсіпкерлік кодексіне басымдық берілуі капитал иелерінің позициясын күшейткен. Бұл Қазақстанды әлеуметтік мемлекет деп белгілейтін Конституция қағидаттарымен үйлесе бермейді.

Ол ең қауіпті өзгеріс ретінде таптық сананың тұтынушылық санамен алмастырылуын атады. Адамдарға экономиканы әділетті ету үшін бірігіп күресудің орнына, бір күні өзінің де байып кетуін армандау ұсынылған.

«Азаматтарға “Кәсіпорын кімге тиесілі және менің еңбегімнің нәтижесі кімге бұйырады?” деген сұрақ қоймау үйретілді. Саяси экономия жоғары оқу орындарының бағдарламаларынан алынып тасталды. Оның орнына “Қалайша өзім бастық боламын?” деген ой сіңірілді», – дейді ол.

Саясаттанушы мұны капиталдың басты идеологиялық жеңістерінің бірі деп бағалады. Өйткені жұмысшылар саны жағынан көп болғанымен, өзара бытыраңқы күйде қалып отыр.

«Бытыраңқы миллион ұйымдасқан мыңнан әлсіз. Сондықтан мәселе елімізде қанша жұмысшы бар екенінде емес. Негізгі сұрақ – олар неге өзін біртұтас тап ретінде сезінуден қалды? Әркім тек өзі үшін күрескен кезде меншік иесі әрдайым күшті болады», – деп жазды Асхат Асылбеков.

Оның пікірінше, қазіргі солшыл күштердің міндеті өткенді сағынумен шектелмеуі керек. Олар еңбек адамына экономиканың қалай жұмыс істейтінін, өндірілген байлықтың қалай бөлінетінін және бір жұмысшының тағдыры миллиондаған жалдамалы қызметкердің жағдайымен қалай байланысатынын қайта түсіндіруі қажет. Сайлау қорытындысында Құрылтайға ЖОСДП өтті. Осыған байланысты саясаттанушы партияның еңбек адамдарының мүддесін қаншалықты қорғай алатынына күмән келтіреді.

«ЖСДП ымырашылдық пен оппортунизмге бой алдырып, ҚХП-ның жолын қайталамай ма?» – деген сауал қойды ол.

Асхат Асылбеков жаңа жағдайда Қазақстанға күшті социалистік партия қажет деп санайды. Ол мұндай саяси күштен қауіптенудің қажеті жоқ екенін айтып, Еуропаның бірқатар елінде социалистік үкіметтер ұзақ жылдар бойы билік жүргізіп, елеулі нәтижелерге қол жеткізгенін мысалға келтірді.

Back to top button