Армения Еуропалық одаққа мүше болуға ресми өтінім беру үдерісін алдағы уақытта бастайды. Бұл туралы елдің премьер-министрі Никол Пашинян мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ереванның бұған дейін саяси мәлімдеме деңгейінде айтылып келген еуропалық бағыты енді ресми рәсімге ұласқалы отыр. Алайда бұл қадам Арменияның ЕО-ға бірден қабылданатынын білдірмейді. Алдымен өтінім беріліп, одан кейін Брюссельдің жауабы күтіледі.
Өтінімнен кейін референдум өтеді
Пашинянның айтуынша, Армения Еуроодаққа өтінім беру рәсімін жуық арада бастауға ниетті. Үкімет басшысы бұл шешімге Еуразиялық экономикалық одақтағы әріптестерінің үндеуі де әсер еткенін аңғартты.
«Алдағы уақытта біз бұл үдерісті бастаймыз. Әсіресе ЕАЭО-дағы әріптестеріміздің үндеуіне құлақ асамыз», – деді Никол Пашинян.
Армения билігі ЕАЭО мен Еуроодақ арасындағы таңдау жөніндегі референдумды ресми өтінім берілгеннен кейін өткізбек. Бұған дейін Еуроодақтың өтінімге жауабы алынып, елдің еуропалық интеграциясына арналған «жол картасы» әзірленуге тиіс.
Пашинян референдумның нақты мерзімін атаған жоқ. Ол бұған дейін де жалпыхалықтық дауыс беру институционалдық дайындық жүргізіліп,
ЕАЭО елдері Армениядан нақты таңдау күтеді
2026 жылғы 29 мамырда Қазақстан, Ресей, Беларусь және Қырғызстан басшылары Арменияның еуропалық бағытына қатысты бірлескен мәлімдеме қабылдаған еді. Төрт елдің президенттері Армения халқы Еуроодаққа кіру немесе ЕАЭО құрамында қалу мәселесін мүмкіндігінше қысқа мерзімде референдум арқылы шешуі керек деп есептейді. Құжатта Арменияның Еуроодаққа қосылуға бағытталған әрекеттері ЕАЭО мемлекеттерінің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін екені айтылған. Сондай-ақ төрт елдің үкіметтеріне Арменияға қатысты ЕАЭО туралы шарттың қолданылуын тоқтатудың ықтимал салдары жөнінде баяндама әзірлеу тапсырылған.
Пашинян бұл мәлімдемені талап емес, «достық ниетпен жасалған қадам» ретінде қабылдағанын айтқан. Оның сөзінше, төрт мемлекеттің ұстанымы Арменияның Еуроодақпен қарым-қатынасты тереңдету бағытына қарсылық білдірмейтінін көрсетеді. Осылайша, Ереванның алдағы өтінімі жай ғана дипломатиялық рәсім болып қалмайды. Ол Арменияның қай интеграциялық кеңістікті таңдайтынын анықтайтын саяси шешімге жол ашуы мүмкін.