Әр бесінші қазақстандық демалыс кезінде де жұмыс істеген – зерттеу
Сауалнамаға қатысқандардың бір бөлігі демалыс кезінде де жұмыс істеуге мәжбүр болғандарын жазған.
Жұмыс істейтін қазақстандықтардың 35%-ы осы жазда іс жүзінде демалмаған. Бұл туралы Headhunter.kz платформасының зерттеуінде айтылған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Зерттеуге 820-дан астам жұмыс іздеуші мен жұмыс беруші қатысқан. Респонденттердің 25%-ы жақсы демалғанын айтса, тағы 17%-ы демалысына көңілі толатынын жеткізген. 14%-ы демалысы жеткіліксіз болғанын атап өткен. Ал 9%-ының негізгі еңбек демалысы әлі алда.
Жазда қазақстандықтардың жартысына жуығы көбірек жұмыс істеген
Сауалнамаға қатысқандардың жартысының жаз мезгіліндегі жұмыс жүктемесі артқан.
Олардың 25%-ы әдеттегіден едәуір көп, тағы 25%-ы сәл көбірек жұмыс істеген. Респонденттердің 24%-ында атқарған жұмыс көлемі іс жүзінде өзгермеген.
Әр бесінші адам демалыс кезінде жұмыс істеген
Сауалнамаға қатысқандардың 21%-ы демалыс немесе демалыс күндері үнемі жұмыс істеуге мәжбүр болған.
Ал жұмыс мәселелерінен толықтай алшақтай алғандар үлесі 18%-ды құрады.
Респонденттердің 14%-ы жұмыс хабарламалары мен қоңырауларына тек кейде жауап бергенін, сондай-ақ ерекше жағдайларда ғана жұмыс істегенін айтқан.
Әр бесінші қазақстандық жұмысын ауыстырғысы келеді
Жаз мезгілі респонденттердің 25%-ының жұмысқа деген көзқарасына еш әсер етпеген.
Сонымен қатар 21%-ы жұмысын ауыстыру туралы шешім қабылдаған. Тағы 18%-ы бұл туралы ойлағанымен, әзірге нақты шешім қабылдамаған.
Респонденттердің 12%-ы жұмыс жағдайын өзгерткісі келетінін айтса, 7%-ы қазіргі жұмыс орнын бұрынғыдан жоғары бағалай бастаған.
Жаздан кейін қазақстандықтар өзгеріс пен жаңа әсерлерді қалайды
Жаз қорытындысы бойынша респонденттердің 23%-ы өзгерістер мен жаңа әсерлерді қалайтынын айтқан.
Ал 18%-ы әлі де шаршау сезімін бастан өткеріп жүр. Олардың 10%-ында шаршау жұмыспен байланысты.
Өзін толық демалған әрі күш-қуаты мол сезінетіндер үлесі 9%-ды құрады. Тағы 9%-ының жағдайы іс жүзінде өзгермеген.
Күзде қазақстандықтар табысын арттырғысы келеді
Күздің келуімен респонденттердің 55%-ы табысын арттырғысы келеді.
Тағы:
- 36%-ы жаңа жұмыс табуды;
- 25%-ы қосымша дағдыларды немесе жаңа мамандықты меңгеруді;
- 15%-ы аз жұмыс істеп, көбірек демалуды;
- 16%-ы жұмыс кестесін икемді етуді жоспарлап отыр.
Көпшілік жазда толық қалпына келе алмаған
Зерттеу нәтижелері жаз мезгілінде қазақстандықтардың барлығы бірдей толыққанды демалып, күш жинай алмағанын көрсетеді.