Жаңалықтар

Енді оқушыларды медициналық тексеру тәртібі өзгереді

Елде мектеп оқушыларын профилактикалық медициналық тексеруден өткізу форматы өзгермек. Енді дәрігерлер баланың бойы мен салмағын өлшеумен ғана шектелмей, цифрлық құрылғылар арқылы бірқатар диагностикалық көрсеткішті тіркейді, деп хабарлайды Tizgin.kz. 

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жаңа формат Астанадағы мектептердің бірінде сынақтан өткізілген. №11 қалалық емхананың дәрігері Думан Искакова диагностикалық құрылғылардың баланың денсаулық көрсеткіштерін қалай тіркейтінін және жиналған мәліметтің цифрлық форматта медициналық ақпараттық жүйеге қалай жіберілетіні көрсеткен.

ЭКГ мен ЖИ қолданылады

Жаңа форматтағы профилактикалық тексеруде бірқатар цифрлық медициналық құрылғы алғаш рет қолданылмақ. Олардың қатарында ЭКГ, стетофонендоскоп, плантограф, бой өлшегіш пен таразы, пульсоксиметр, отоскоп және ауыз қуысын тексеруге арналған камералар бар.

Бұған қоса, тексеру барысында жасанды интеллект технологияларын пайдалану көзделген.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, басты міндет – профилактикалық тексеруді формалды рәсімнен нақты диагностика құралына айналдыру.

«Профилактикалық тексерулерге формалды көзқарастан бас тартуымыз керек. Бұған дейін тексеруден өткені туралы белгі қойылуымен ғана шектелетін жағдайлар болды. Енді дәрігер баланың денсаулық жағдайын кешенді түрде бағалай алады: бойы мен салмағын өлшеп қана қоймай, объективті диагностикалық көрсеткіштерді де алады. Барлық дерек медициналық ақпараттық жүйелерде тіркеледі», – деді министр.

Оның сөзінше, профилактикалық медициналық тексерулер жүргізу қағидалары мен тиісті нормативтік құжаттарға қажетті өзгерістер енгізілген. Ал алынған мәліметтер ақпараттық жүйеге жіберіліп, кейін баланың электрондық денсаулық паспортында сақталады.

Министрлік жаңа форматқа көшуге дайындалу үшін 1 қазанға дейін уақыт беріп отыр. Кейін бұл жүйені бүкіл ел бойынша толық көлемде іске қосу көзделген.

Баланың денсаулығы 54 көрсеткіш бойынша бақыланады

Жаңа жүйенің негізінде 2025 жылы құрылған Балалардың цифрлық тізілімі жатыр. Оның көмегімен әр баланың денсаулығына қатысты 54 көрсеткіш бойынша мониторинг жүргізуге болады.

Жүйе профилактикалық тексеруден өту мен қауіп факторларын анықтаудан бастап, баланың әрі қарайғы медициналық маршрутын қалыптастыруға дейінгі процесті қамтиды. Қажет болған жағдайда оқушы бейінді маманға жіберіліп, кейін оның денсаулық жағдайы динамикалық бақылауға алынады.

Сонымен бірге денсаулық сақтау саласының ақпараттық жүйелерін Ұлттық білім беру деректер базасымен интеграциялау аяқталған.

Нәтижесінде дәрігерлер оқушының қай мектепте оқитыны мен қай жерде тіркелгені туралы мәліметті ғана емес, оның профилактикалық тексеруден өтуі, вакцинациясы және денсаулық тобы жөніндегі өзекті ақпаратты да көре алады.

Back to top button