Алматыда ауруханаға түскен 58 оқушы емделіп, үйіне шығарылды
Қаладағы Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған Республикалық физика-математика мектебі (РФММ) оқушылары түгел емделіп шықты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қанша бала стационарға жатқызылды
Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.
“Алматыдағы Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған Республикалық физика-математика мектебінің барлық оқушысы ем алып, ауруханадан шығарылды. Осы жылғы 12 қазаннан бері стационарға барлығы 58 бала жатқызылған. Дәрігерлер қажетті медициналық көмек көрсетіп, клиникалық хаттамаларға сәйкес ем жүргізді”, – делінген хабарламада.
Желіде таралған жазба
Бұған дейін Алматыда республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) 50-ге тарта оқушысы жіті ішек инфекциясы белгілерімен ауруханаға жатқызылғанын жазған едік. Аталған деректі Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы растаған. Алдымен әлеуметтік желілерде жазба жарияланып, онда желі қолданушыларының бірі ауруханаға жиендері түскенін хабарлаған.
“Улану дейді! Кейбірінен ішек таяқшасы табылған! Бүгін мектептің үш күнге карантинге жіберілгенін айтты. Неге ешбір жерде жарияланбайды?! 50-дей оқушы ауруханаға түсті!” – деп жазды ол.