31 қазаннан бастап Отбасы банктің ипотека беру шарттары өзгереді
Отбасы банк 2026 жылғы 31 қазаннан бастап ірі көлемдегі ипотекалық қарыздарды рәсімдеу комиссиясын арттырады. Жаңа тариф бойынша 100 млн теңгеден асатын несие үшін комиссияның ең жоғары мөлшері 1 млн теңгеге дейін өседі, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Банк алдын ала және аралық тұрғын үй заемдарын беруді ұйымдастыру үшін алынатын комиссияны есептеу тәртібін өзгертпек. Комиссияның негізгі мөлшерлемесі бұрынғыдай қарыз сомасының 1 пайызын құрайды. Алайда төлемнің ең жоғары шегі несие көлеміне қарай белгіленеді.
Ипотека алатындар қанша комиссия төлейді
Бұған дейін Отбасы банктен алынатын қарыздың көлеміне қарамастан, комиссияның ең жоғары мөлшері 300 мың теңгеден аспайтын.
31 қазаннан бастап жаңа тәртіп төмендегідей қолданылады:
-
50 млн теңгеге дейінгі қарыздар: комиссия несие сомасының 1 пайызын құрайды, бірақ 300 мың теңгеден аспайды.
-
50 млн теңгеден 100 млн теңгеге дейінгі қарыздар: комиссия 1 пайыз мөлшерінде есептеледі, алайда 500 мың теңгеден аспайды.
-
100 млн теңгеден асатын қарыздар: комиссия 1 пайыз мөлшерінде есептеледі, бірақ оның ең жоғары шегі 1 млн теңге болады.
Мәселен, клиент Отбасы банктен 70 млн теңге ипотека рәсімдесе, бұрын 300 мың теңге комиссия төлейтін. Ал жаңа тариф күшіне енгеннен кейін бұл сома 500 мың теңгеге дейін өседі.
Яғни, мұндай қарызды рәсімдеу құны 200 мың теңгеге қымбаттайды.
Ал 100 млн теңгеден асатын ипотека үшін комиссияның ең жоғары мөлшері бұрынғы 300 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін ұлғаяды.
Осылайша, ірі көлемдегі қарыз алатын клиенттер үшін қосымша шығын артады.
Жаңа талап кімдерге әсер етеді
Отбасы банктің мәліметінше, клиенттердің 92 пайызы 50 млн теңгеден аспайтын қарыз рәсімдейді. Сондықтан комиссия мөлшерінің өзгеруі банк клиенттерінің басым бөлігіне әсер етпейді.
Жаңа тарифтер тек 2026 жылғы 31 қазаннан бастап берілген өтінімдерге қолданылады. Бұған дейін тапсырылған өтінімдерге жаңа талаптар қолданылмайды. Сонымен қатар мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары аясында берілетін заемдардан мұндай комиссия алынбайды.
Айта кетейік, бұған дейін Отбасы банк ипотека рәсімдеудің жаңа тетігін іске қосқанын жазғанбыз.