$ 448.61 € 503.83 ₽ 5.48
Жаңалықтар

Елде жұмысшыларды медициналық тексеруден өткізу тәртібі жаңарды

Қазақстанда кәсіптік ауруларды анықтау, емдеу және олардың алдын алу тәртібі жаңарды, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Zanger Telegram арнасына сілтеме жасап.

Жаңа стандарт еңбек жағдайының адам денсаулығына тигізетін әсерін бағалауға, кәсіптік ауруларды дер кезінде анықтауға және олардың алдын алуға бағытталған. Құжатта медициналық көмек көрсететін ұйымдарға қойылатын талаптар, кәсіптік ауруларды диагностикалау тәртібі және жұмыс берушілердің міндеттері нақтыланған.

Медициналық тексерудің ақысын кім төлейді

Жаңа стандартқа сәйкес, ауыр, зиянды немесе қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің мерзімдік медициналық тексерулерін жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен ұйымдастыруға міндетті.

Яғни, мұндай өндірістерде еңбек ететін азаматтардың денсаулығын тұрақты бақылауға қажетті медициналық тексерулердің шығынын жұмыс беруші көтереді. Сонымен қатар кәсіптік ауруларға байланысты медициналық көмек көрсетуге тек тиісті лицензиясы бар медициналық ұйымдарға рұқсат етіледі.

Ал медициналық рәсімдерді жүргізу және ем тағайындау кәсіптік патология мен еңбек медицинасы саласындағы сертификатталған мамандарға жүктеледі.

Құжатта жіті немесе созылмалы кәсіптік ауру диагнозын қою тәртібі де айқындалған. Мұндай диагноз тек ресми бекітілген кәсіптік аурулар тізбесіне сәйкес қойылуға тиіс. Бұл талаптар еңбек жағдайының әсерінен туындаған ауруларды анықтау мен медициналық қорытынды жасау тәртібін біріздендіруге бағытталған.

Әр жұмысшының денсаулығына төнетін қауіп жеке бағаланады

Жаңа стандарттың тағы бір маңызды тұсы – қызметкерлердің кәсіптік ауруға шалдығу қаупін жеке бағалау. Медициналық тексеруден өткен жұмысшылар денсаулық жағдайына қарай арнайы топтарға бөлінеді.

Бұдан бөлек, әр қызметкер үшін кәсіптік аурудың даму ықтималдығы жеке есептеледі. Қауіп деңгейі төменнен өте жоғарыға дейінгі санаттар бойынша бағаланады.

Дәрігерлер осы бағалау нәтижесіне сүйеніп, әр адамға қажетті профилактикалық шараларды белгілейді. Мұндай тәсіл кәсіптік аурулардың алғашқы белгілерін дер кезінде анықтауға, денсаулыққа төнетін ықтимал қауіптерді азайтуға және жұмысшылардың еңбекке қабілеттілігін сақтауға мүмкіндік береді деп күтіледі.

Жаңа стандарт 2026 жылғы 31 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button