Қазақстаннан 2,6 мың тонна алтын құрамды кенді заңсыз әкету әрекеті тоқтатылды

Жетісу облысында жалпы құны 1,5 млрд теңге болатын 2,6 мың тонна алтын құрамды кенді Қазақстаннан заңсыз алып шығу әрекеті тоқтатылды. Кеден құжаттарында шикізат «мыс кені мен концентраттары» ретінде көрсетілген, деп хабарлайды Tizgin.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Кеннің нақты құрамын жасырған
ҚМА-ның Жетісу облысы бойынша департаментінің мәліметінше, шикізатты шетелге шығару кезінде оның нақты құрамы кеден құжаттарында жасырылған.
Кейінгі тергеу және жедел іздестіру шаралары барысында Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарындағы қоймалардан ірі контейнерлерге салынған 1 000 тоннадан астам шикізат табылған.
Екі күдікті қамауға алынды
Тергеу барысында заңсыз әрекеттерді ұйымдастыруға қатысы болуы мүмкін «RedGold Mining» ЖШС экспорттаушы компаниясының директоры мен өзге де тұлғалар анықталған.
ҚМА мәліметінше, екі күдікті қамауға алынған. Сондай-ақ соттың рұқсатымен серіктестіктің ақшалай қаражатына тыйым салынған.