Ақбаян Мұқанғалиева елді дүрліктірген қылмыстан кейін алғаш рет өз өмірі туралы айтып берді
Бұрынғы күйеуі Сұлтан Сәрсемалиев төрт туысын аяусыз өлтіріп, өзімен бірге шетелге қашып кетуге әрекеттенген Атырау облысының тұрғыны Ақбаян Мұқанғалиева қазір қалай өмір сүріп жатқанын алғаш рет айтып беруге келісті, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Ата-анасынан, бауыры мен әпкесінен айырылған әйел болған жайттан әлі бейхабар. Қазір оның басты мақсаты – қайғылы оқиғадан кейін балалар панасына түскен бес баласын өз қолына алу. Туыстары Ақбаянға қолдау көрсетіп, қосымша ем-домына қаражат жинауға көмектесуді сұрап отыр.

Үйінде, жақындарының ортасында әйел бүкіл елді дүр сілкіндіріп, өмірін түбегейлі өзгерткен оқиғалардан кейін қалыпты тіршілікке оралуға тырысып жүр. Туыстарының айтуынша, Ақбаян ұзақ уақыт емделуі керек. Қазір олар оған бейімделуге көмектесіп, оңалтуға апарып жүр. Бірақ оның ата-анасы, бауыры мен әпкесі туралы сұрақ қоюынан қатты қорқады.
«Мамандар бізге оның шындықты естуге әлі дайын емес екенін айтты. Әзірге ештеңе айтпай жүрміз. Ертең бәрін болған күйінде айтып берсек те, ол қандай күйге түседі? Қайтадан жанын жаралап алсақ не болады? Сондықтан әзірге күтіп отырмыз. Оның аяққа тұрып кеткенін қалаймыз», – дейді туысы Әсила Мұқанғалиева.
Ақбаян Мұқанғалиева бірінен соң бірі болған жан түршігерлік оқиғалардан кейін психиатриялық диспансерге түскен. Бұрынғы жұбайы Сұлтан Сәрсемалиев оның ата-анасын, бауыры мен әпкесін өлтірген. Осыдан кейін ер адам Ақбаянды өзімен бірге алып, Индонезияға қашып кеткен. Бастапқыда әйелдің өзі де күдікті болған. Алайда екеуі табылғанда, әйелдің жағдайы ауыр екені және не болып жатқанын түсінбейтіні анықталған.
Бесінші баласын ауыр босанғаннан кейін оған ота жасалып, көп нәрсе есінен шығып қалған. Психиатриялық сараптамалардың нәтижесі бойынша оған қатысты барлық күдік алынып тасталған. Әйелдің айтуынша, қазір балаларының есімдері мен туған күндері есінде анық сақталған. Ол апта сайын балаларына барып тұрады және оларды үйіне алып кеткісі келеді.

«Кенжем жылайды. «Мені алып кетші» деп сұрайды. Үлкендерім түсінеді. Аптасына екі рет психологқа барамын. Әзірге басқа еш жерде дәрігердің бақылауында емеспін. Кейде басым ауырады, бірақ кейін басылады», – деді Ақбаян Мұқанғалиева.
Туыстарының айтуынша, Ақбаян бұрынғы өмірін есіне түсіреді, жақындарын таниды. Алайда бесінші баласы дүниеге келгеннен кейінгі кезең жадынан өшіп қалған. Әйелдің жағдайы біртіндеп жақсарып келеді. Қазір оған көмектесіп, білікті мамандарға көрсету аса маңызды.
«Ақбаянның өмір сүруге деген құлшынысы жоғалған. Оның осы құлшынысын қайта ояту керек. Алматыға немесе Астанаға апарып, білікті мамандарға көрсетсек пе деп ойлап отырмыз. Бірақ оны сол жаққа апару үшін қалай болғанда да қаражат қажет. Мұндай соманы өз күшімізбен жинай алмай отырмыз», – деді туысы Шалқар Мұқанғалиев.
Қазір Ақбаянның жақындары жанашыр жерлестерінен көмек сұрап отыр. Олар әлі күнге дейін балалар үйінде тұрып жатқан бес баланы бір күні өз қолдарына аламыз деп үміттенеді.