Мәжіліс жұмысын аяқтаған соң бірқатар депутат жаңа Құрылтай құрамына енген жоқ. Кеше ғана Парламент мінберінде қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп жүрген экс-депутаттар бүгінде немен айналысып жүр? Tizgin.kz бұрынғы депутаттардың өздерінен сұрап білді.
Бірі – ғылымда, бірі – білім мен медиада
Бұрынғы Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов бүгінде жоғары білім саласында еңбек етіп жүр. Ол Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетін басқарады.

«Мен Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің президенті қызметіндемін. Осы университеттің құрылтайшысымын», – деді Ерболат Саурықов Tizgin.kz тілшісіне.
Ал Абзал Құспан негізгі назарын ғылым мен заңгерлік қызметке аударған. Оның айтуынша, 2024 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қылмыстық құқық кафедрасының докторантурасына түсіп, қазір оқуын аяқтауға жақындаған.

«Оқуым аяқталуға жақын, енді жобамды, докторлық диссертациямды қорғауым керек. Сондықтан ғылыми жұмыстарға көбірек көңіл бөліп жүрмін. Бірнеше ғылыми мақала дайындадым: олардың бірі Scopus базасына жолданды, сондай-ақ отандық ЖОО-лардың ғылыми журналдарына мақалалар жіберіп жатырмын», – деді ол.
Абзал Құспан қоғамдық басылымдарға да мақала жазып жүргенін айтты. Сөзінше, «Егемен Қазақстанда» заң мен тәртіп тақырыбындағы, ал «Казахстанская правда» газетінде қылмыстық саясат мәселесіне арналған көлемді мақалалары жарық көрген.
«Сонымен қатар 20 жылға жуық тәжірибесі бар заң компаниямыздың жұмысын қайта жандандыру бағытында ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп жатырмын. Осы мақсатта білікті заңгерлерді командаға тартудамыз. Ал мемлекеттік органдардан немесе Үкімет тарапынан тиісті ұсыныстар түссе, әрине, оларды қарастырамыз. Әзірге ондай ұсыныстар түскен жоқ. Қысқаша айтқанда, қазіргі кезеңде негізгі назарым ғылыми жұмыс пен заңгерлік қызметті дамытуға бағытталып отыр», – деді Абзал Құспан.
Ермұрат Бапи болса, өзі ұзақ жыл еңбек еткен журналистикаға қайта ден қойған. Қазір ол «Дат» газетінің жұмысымен айналысып жүр. Жақында Халық кеңесіне мүше болды.

«Мен өзім „Дат“ газетінің шаруасымен жүрмін. Газетті ары қарай дамытып, электронды нұсқасын күшейту керек. Сайтын, YouTube арнасын, Telegram арнасын – бәрін заман сұранысына сай дайындап жүрміз», – деді ол.
Бапи екі жылдан кейін басылымның 30 жылдығы келетінін айтып, осыған орай газет тарихындағы таңдаулы мақалалар мен жарияланымдарды жинақтап, бірнеше кітап шығару жоспары барын жеткізді.
«Сондықтан мен жұмыссыз емеспін. Мен негізі мемлекеттік қызмет сұрайтын адам емеспін, себебі зейнет жасындағы адаммын. Мені енді Халық кеңесіне шақырып, құрамына кіргізіп жатқаны үшін көп рақмет деймін. Ол да бір үлкен мемлекеттік орган ғой. Сондықтан оның функционалдық қызметтері анықталған соң үлкен жұмыстар болады деген ойдамын», – деді Ермұрат Бапи.
Бұрынғы депутат Дәулет Мұқаев та мемлекеттік қызметке оралмаған. Ол білім саласында жұмысын жалғастырып жүр.

«Қазір сол білім бағыты. Университетте сабақ беремін. Әрі ҰБТ-ға дайындайтын «Алғыр» білім беру орталығында жетекшілік етудемін. Мемлекеттік қызметке қайта бармадым», – деді ол.
Ал Ринат Зайыт мәдениет саласындағы жұмыстармен айналысып жүргенін айтты.

«Астанадамын. Мәдениет саласындағы жұмыстардың маңайындамын. Қызмет бойынша ұсыныс болды. Кеңес пен Құрылтайға шақырылмағаным заңды», – деді Ринат Зайыт.
Tizgin.kz бұдан өзге бірнеше экс-депутатқа хабарласқанымен, олар жауап берген жоқ.
Экс-депутаттардың ішінде қызметке ие болып кеткендер де бар. Мәселен, Мақсат Толықбай Алматы облысы әкімінің кеңесшісі атанса, Ұласбек Сәдібеков Бәйдібек ауданының әкімі болып кетті. Геннадий Шиповских теміржол саласына қызметке кетсе, экс-сенатордың тағы бірі Бекбол Орынбасаров Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары атанды.
Сонымен қатар, Халық кеңесі құрамына бұрынғы депутаттардан Николай Арсютин, Мұрат Әбенов, Еркін Әбіл, Аманжол Әлтай, Ермұрат Бапи, Наталья Дементьева, Еділ Жаңбыршин, Вера Ким, Нұртай Сабильянов, Нұртөре Жусип, Андрей Лукин мен Геннадий Шиповских бар.
«Мандат жоқ. Майдан қалды»
Экс-депутаттардың мандаттан кейінгі өмірі қоғамда да талқыланып жатыр. Белгілі публицист Бигелді Ғабдуллин бұл тақырыпқа арнайы жазба арнап, саяси қызмет аяқталғаннан кейін адамның ұстанымы мен үні қалай өзгеретініне назар аударды.

«Саяси креслоның бір қызық қасиеті бар: адам оған креслоның адамға үйренуінен әлдеқайда тез бауыр басады. Парламентте бірнеше жыл отырасың да, микрофонды табиғаттың өзі орнатып қойғандай, депутат куәлігі төлқұжатпен бірге берілгендей, ал депутаттық сауал қолыңның жалғасындай көріне бастайды. Сосын мерзім аяқталады», – деп жазды ол.
Ғабдуллиннің жазуынша, Мәжілістің VIII шақырылымы жұмысын аяқтағаннан кейін бұрынғы 89 депутаттың 47-сі жаңа Құрылтай құрамына енбеген.
«Қырық жеті есім. Қырық жеті тағдыр. Бірақ санның өзінен де қызығырақ бір сауал бар: мандаттан кейін адамға не болады?» – дейді публицист.
Ол осы сауалға жауап іздей отырып, бірқатар бұрынғы депутаттың сайлаудан кейінгі сөздеріне назар аударған.
Мәселен, Ермұрат Бапи Құрылтайға өтпей қалғаннан кейін «Өкініш жоқ десем, өтірік айтқан болам», – деген.
Ғабдуллин Бапидің билікке қатысты сыны депутаттық мандаттан айырылғаннан кейін пайда болмағанына назар аударады. Оның пайымынша, Бапи Мәжіліске келгенге дейін де осы ұстанымда болған.
«Бапиге оппозиционер рөлін қайтадан таңудың қажеті жоқ. Ол Мәжіліске осы ұстанымымен келді және депутаттық мандат алғанға дейін де билікті сынап жүрген. Енді тек есіктің арғы жағынан сөйлейді», – деп жазды ол.
Ал Бақытжан Базарбек мандатсыз қалғаннан кейін «енді мен еркінмін» деп ойын бір ауыз сөзбен жеткізген. Публицист Базарбектің де жер, жемқорлық және «ескі Қазақстан» туралы сыни пікірлері Мәжілісте жүрген кезінде-ақ айтылғанын еске салады.
Еділ Жаңбыршин қоғамдық жұмысын, оның ішінде экология және әлеуметтік саладағы қызметін жалғастыратынын айтқан. Қазыбек Иса болса «МАНДАТСЫЗ ДА, МАЙДАНДАМЫЗ!» – деп жазған. Мұны Ғабдуллин қысқа ғана «Мандат жоқ. Майдан қалды» дейді.
«Бәрін бір ғана қарапайым қисынмен түсіндіре салу тым оңай: тізімге алмады – ренжіді; ренжіді – сынай бастады; сынай бастады – кек қайтарып жүр. Ыңғайлы түсінік. Бірақ өмір одан күрделірек. Адам креслода отырғанда не айтты? Креслодан кеткен соң не айтып жүр? Кейде ештеңе өзгермейді. Кейде тек үн өзгереді. Ал кейде ресми қалыппен сөйлеудің қажеттілігі жоғалады”, – дейді жазушы.
Оның сөзінше депутаттық мерзім бір күнде аяқталады. Ал адамның шынайы үні қалады.