«Бұл дерттен арылуға шындап кірістім»: Данияр Елеусінов АҚШ-та емделіп жатыр
Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов АҚШ-та кешенді ем қабылдай бастағанын мәлімдеді. Аурухана палатасынан жанкүйерлеріне бейнеүндеу жолдаған боксшы сауығып, қалыпты өмірге оралатынына сенетінін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Бұл дерттен арылуға шындап кірістім»
35 жастағы спортшы қазір отбасымен бірге АҚШ-та жүр. Ол емделіп, денсаулығын қалпына келтіруге көңіл бөліп жатқанын жеткізді. Елеусінов бұған дейін әлеуметтік желіде эмоцияға беріліп айтқан сөздері үшін өзін қатты сынамауды сұрады.
“Қазір ем қабылдауды бастадым. Тек тамырға дәрі құю емес, толыққанды, кешенді ем. Меніңше, бәрі жақсы болады. Сондықтан бұрынғы кейбір дүниелерге, бәлкім, біреуді ренжітіп қойғаныма, ауыр сөздер айтқаныма мән бермеңіздер. Кімде ондай болмайды? Менің жаман әдетім – тікелей эфирге шығу, бірақ енді олай болмайды деп ойлаймын. Өйткені бұл дерттен арылуға шындап кірістім. Жақында қатарға қосыламын. Бұрынғы көңілді, бақытты Данияр оралады”, – деді Елеусінов.
Бұған дейін тәуелділігі туралы ашық айтқан
Боксшы бұған дейін алкогольге тәуелділігі барын мойындаған. Өзінің айтуынша, бұл мәселе Олимпиададан кейін басталған. Ол жұрттан жағдайын күлкіге айналдырмауды сұраған еді.