TOP-1Қоғам

Бүгін – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

Бүгін 31 мамыр – Қазақстан тарихының ең қайғылы беттерінің бірі – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Тарихтағы бұл қаралы күн 1997 жылдан бастап аталып өтеді.

Бұл күн Қазақстан үшін айрықша мағынаға ие. Ресми мәліметтер бойынша, саяси қуғын-сүргін жылдары 60 миллионға жуық жазықсыз адамдар зардап шеккен, 24 миллионы ату жазасына кесілген. Қазақстанда 4 млн-ға жуық адам қуғын-сүргінге ұшырады. 1920-30 жылдары 100 мыңнан астам қазақстандық азаматтар отанына опасыздық жасады деген айыппен жазықсыз сотталып түрмелерге қамалып, лагерьлерге айдалған. Көбісі ату жазасына кесілген.  Олардың арасында 25 мыңға жуық сол кездегі қазақ зиялылары: ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері болды.

Тарихи деректерге сүйенсек, 1932-1933 жылдары ең кемі әртүрлі есеппен 2 миллион қазақ аштықтан ажал құшты. Ал тағы жүздеген мыңы басқа мемлекеттерге көшіп кетті.

1919-1922 жылдардағы аштық және оның зардаптары

Қазақстанда ашаршылық салдарынан қаза тапқан адамдардың нақты саны әлі күнге дейін пікірталас пен дау туғызып келеді. Құрбан болғандар саны туралы ресми деректер әр дереккөзге қарай өзгереді. Өлім-жітімнің күрт өсуі және халықтың аштықтан зардап шеккен аймақтардан жаппай қашуының нәтижесінде Қазақстан халқы 1 миллионға жуық адамға қысқарды: егер 1920 жылы республика аумағында 4 млн 781 мың адам тұрса, 1922 жылы – бар болғаны 3 млн 796 мың адам болған. Аштық пен бірге елге эпидемиялық жұқпалы аурулар да таралды, қауіптісі оба, тырысқақ, сүзек еді, емдейтін ауруханалар жетіспеді, салдарынан қаза тапқандар саны күрт өсті. Ашаршылықтың зардабы әлі күнге дейін халықтың жадында, мәдениетінде сақталған. Аталған кезең туралы әдебиетте бірнеше шығармалар жазылды. Ашаршылықта малдың жойылып азаюы дәстүрлі көшпелі шаруашылықтың күйреуіне әкелді. Экономикалық инфрақұрылым жойылып, аштықтан қалпына келтіру қиынға соқты. Сонымен қоса, халқымыздың мәдени мұрасының жоғалуына әкелді. Ашаршылық саяси жағдайға да әсер етіп, халық арасында наразылықтар тудырды. Бір сөзбен айтқанда, 1919-1922 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық халық үшін ауыр және ұзаққа созылған зардаптарға әкелді.

1930-1933 жылдардағы ашаршылық және оның зардаптары

1930-33 жылдар – Қазақстан тарихында терең әрі ұзаққа созылған зардаптар қалдырған ең қасіретті тараулардың бірі. Кейбір зерттеулер Қазақстанда 1,5 миллионға жуық құрбан болғанын көрсетеді. Кейбір деректерде қазақтың жартысы – 2-3 миллион адам (қазақтың жартысы) қаза тапты делінеді.

Аталған дағдарысқа Кеңес Одағындағы ұжымдастыру мен астық жеткізуге қойылған биік мақсаттар ықпал еткені мәлім. Халықтың ауылдық жерлерден қалаларға және КСРО-ның басқа аймақтарына жаппай қоныс аударуына әкелді. Ашаршылық – тірі қалғандардың психологиясында терең із қалдырды, күйзеліске ұшыраған, жақындарынан айырылған олар қиын өмір сүру жағдайларын өткерді.

Ашаршылық – көптеген адамдардың, әсіресе балалар мен қарттардың азапты өліміне әкелді. Дұрыс тамақтанбау және гигиенаны сақтамау іш сүзегі, дизентерия, тұмау сияқты жұқпалы аурулардың таралуына оңтайлы жағдай жасады және медициналық көмектің болмауы өлім-жітімнің көп болуына және тұтас бір әулеттердің қырылуына әкелді. Ашаршылықтан қазақ халқы дүние-мүлкінен, жерінен, малынан айырылды, кедейшілікке ұшырады. Дәстүрлі өмір салты жойылды.

e-history.kz

1930-33 жылдардағы ашаршылыққа қатысты тағы бірнеше маңызды аспектілерді атап өткен жөн.

Халықтарды депортациялау: Ұжымдастыру саясатымен бірге ұлттарды жаппай жер аудару жұмыстары жүргізіліп, депортациялар – халық арасында үлкен тұрақсыздық пен қосымша шығындар туғызды.

Мәдени мұраның жоғалуы: Ашаршылық пен жер аударудан қазақ халқының көптеген салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары жоғалды.

Қалпына келтіру және одан кейінгі өзгерістер: Ашаршылықтан кейін Қазақстан экономиканың, әлеуметтік құрылымның және мәдени дамуының қалпына келуіне байланысты ұзақ мерзімді зардаптарға тап болды.

Түйіндеп айтқанда, аталған факторлар 1930-33 жылдардағы ашаршылықтың қазақ тарихының ең бір қасіретті кезеңі екенін айғақтайды.

Президенттің үндеуі

Ақорда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне байланысты үндеуін жариялады.

“Құрметті отандастар, біз жыл сайын 31 мамыр күні өткен ғасырдың бірінші жартысында саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған адамдардың рухына тағзым етеміз. Оларды жадымызда сақтау, заңдылық қағидаты мен әділдік құндылықтарына адал болу – біздің қастерлі борышымыз.

Қазақстанда барша азаматтың құқықтары мен бостандықтарын жан-жақты қорғау үшін жүйелі түрде жағдай жасалып жатыр. Мемлекетіміздің осы міндеті 15 наурыздағы жалпыұлттық референдум кезінде қабылданған Конституцияда заң жүзінде бекітілді. Біз бір қоғам болып, озық ойлы ел құру жолына бет бұрдық. Бұл – елімізде Әділдік, Заңдылық, Отаншылдық, Еңбекқорлық, Табиғатқа сүйіспеншілік қағидаттары айрықша маңызға ие болады, сондай-ақ, ғылымды, жоғары технологияларды, мәдениетті және еріктілер қозғалысын дамытуға баса мән беріледі деген сөз.

Қазір бүкіл әлем жұрты Қазақстанды барлық салада тек алға қарай қадам басып келе жатқан ел ретінде таниды. Біз бұдан да биік белестерді бағындыру үшін қоғамымыздың ынтымақ-бірлігі мен тұрақтылығын нығайта беруіміз керек.

Қазақстанның болашағы әрдайым жарқын болмақ! Мен бұған кәміл сенемін” – делінген үндеуде.

Back to top button