БҚО-да балабақша есепшісі 30 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілінді

Батыс Қазақстан облысында балабақша есепшісі 30 млн теңгеден астам бюджет қаражатын заңсыз иемденді деген күдікке ілінді. Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Бес жыл бойы өзіне артық ақша аударған
Сырым ауданы прокуратурасының тексерісі кезінде балабақша есепшісінің өзіне штаттық кестеде белгіленген мөлшерден жоғары жалақы аударып келгені анықталған.
Прокуратура мәліметінше, күдікті қосымша қаражатты бес жыл бойы өзінің банктік шотына негізсіз аударып отырған. Осылайша, бюджетке келтірілген залал көлемі 30 млн теңгеден асқан.
12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен, яғни аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Тергеу жүргізу Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне тапсырылды.
Заңда бұл қылмыс үшін мүлкін тәркілеу, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырумен қатар, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.