Жаңалықтар

«Біздің салт-дәстүрімізде мұндай болмаған»: Тоқаев жаңа әдеп кодексін ұсынды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды амандасқан кезде құшақтасып, сүйісуден бас тартып, дәстүрлі әдепке оралуға шақырды. Мемлекет басшысы қоғамдағы сәлемдесу мәдениетін өзгертуге бағытталған жаңа мінез-құлық кодексін ұсынды, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Vlast.kz-ке сілтеме жасап.

«Біздің салт-дәстүрімізде мұндай болмаған»

Мемлекет басшысы ер адамдардың бір-бірімен, сондай-ақ ерлер мен әйелдердің өзара құшақтасып, сүйісіп амандасуын сынға алды. Президенттің пікірінше, мұндай әрекет қазақтың дәстүрлі амандасу әдебіне жатпайды.

«Ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйе бастағаны, әйелдердің ер адамдарды, ер адамдардың әйелдерді сүйгені жөн емес. Біздің салт-дәстүрімізде мұндай ешқашан болған емес. Оның үстіне әскери формадағы адамдар, генералдар бір-бірін құшақтай бастады. Бұл не сонда?» – деді Тоқаев.

Президент Отан соғысында жеңіске жеткен Кеңес одағының маршалдары бір-бірін құшақтап, сүйісіп амандасқанын елестету мүмкін емес екенін де айтты.

«Қолды нық қысу керек»

Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі амандасу мәдениетінің бірнеше үлгісін атады. Оның айтуынша, ер адамдар бір-бірінің қолын нық қысып, жымиып амандасқаны жөн. Ал адамды көргеніне ерекше қуанышты екенін білдіргісі келсе, оң қолын жүрек тұсына қоюына болады.

«Ер адамдар бір-біріне қол беріп, оны нық қысуы керек. Қолды жылы котлет немесе бұтақ сияқты ұсынбаған жөн. Жымиып амандасуға және тағы басқаға болады. Бірақ бұдан әріге бармау керек. Бұрыннан солай болған. Ақыр соңында, егер бұл адамды көргеніңізге шынымен қуанышты болсаңыз, оң қолыңызды жүрек тұсына қоюға болады», – дейді Тоқаев.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесіне барып, Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс берген. Содан кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткізген.

Back to top button