$ 441.88 € 503.61 ₽ 5.24
ЖаңалықтарПікір

«Біздің билігіміз жүрмейді»: режиссер кинотеатрлардағы қазақ фильмдері туралы айтты

Кинорежиссер Олжас Нұрбай YouTube арнасында болған подкастта Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облысындағы қалаларда қазақ фильмдері неге аз көрсетілетіні туралы пікірін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Облыс әкімімен сөзге келіп қалдым»

Ол жақтағы кинотеатрлар жекеменшік және жекеменшік кинотеатрларға ешкім ештеңе дей алмайтынын айтты.

«Қостанай, Павлодар, Петропавл, Қарағанды, Өскемен қалаларында қазақ фильмдерін көрсету жағынан үлкен проблема бар. Мен, тіпті, білдей бір облыс әкімімен осы мәселе жөнінде сөзге келіп қалған болатынмын. Себебін кесіп айта алмаймын, оның себебі бұқараға арналмаған. Ондай мәселе бар және оны осылай айта берсек осы тақырыпты алға шығарамыз деп ойлаймын», – дейді кинорежиссер.

«Бизнеске билігіміз жүрмейді»

Оның айтуынша, «14 күн» фильмі Павлодарда 1 аптадан кейін шықты.

«Көру уақытын таңғы 10:00-ге, 12:00 немесе кешкі 17:00 сияқты ыңғайсыз уақытқа қойып қояды. Біз қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз, бірақ біздің билігіміз жүрмейді. Бизнеске билік жүрмейді, бірақ осы бизнестің иелері кім екені туралы талдау жасап көрсеңіздер – жауап табасыздар. Кино саласы – енді-енді аяғынан тұрып жатқан индустрия. Тіпті индустрия деп айтуға да келмейді. Оған қолдау керек. Кореяның, Түркияның фильмдеріне қызығамыз. Ол жақта мемлекет тарапынан салық жағынан, заң жағынан қолдау мықты», – дейді Олжас Нұрбай.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button