Ақын, журналист Темірғали Көпбай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінен төрт ұстаздың кеткенін мәлімдеді. Ол мұны басшылық шешімдеріне ашық қарсылық білдірген оқытушыларға жасалған қысым дейді. Ал университет өз түсіндірмесінде еңбек шарттарының аяқталғанын және конкурстық рәсімдердің нәтижесін хабарлайды, деп жазады Tizgin.kz.
«Бұдан кейін шақырсаңдар да бармаймыз»
Темірғали Көпбайдың мәлімдемесінде факультеттен кеткен төрт оқытушының есімі аталады. Олар – филология ғылымдарының докторы, профессор Кәкен Қамзин, ақын, журналист Темірғали Көпбай, ақын, әдебиеттанушы Мұрат Шаймаран және жазушы-сатирик Ермахан Шайхы. Темірғали Көпбай келтірген мәлімет бойынша, Кәкен Қамзин журналистика факультетінде 32 жыл, өзі 12 жыл, ал Мұрат Шаймаран мен Ермахан Шайхы 20 жылдан дәріс берген. Төртеуі де ғылыми және шығармашылық еңбектері бар тәжірибелі ұстаздар. Мәлімдеме авторы кейінгі жылдары факультеттегі басқару тұрақсыздығы білім ордасының беделі мен маман даярлау ісіне кері әсер еткенін айтады. Оның сөзінше, бес жыл ішінде бес декан ауысқан.
Осыған байланысты бірқатар ұстаз басқару шешімдерінің ашық әрі әділ болуын, декан қызметіне кәсіби біліктілігі жоғары, мемлекеттік тілді жетік білетін, еркін пікірге құрметпен қарайтын беделді тұлғаны тағайындауды талап еткен. Алайда Көпбайдың айтуынша, басшылық бұған дейін факультеттен кеткен адамды қайта декан етіп тағайындаған. Оқытушылар бұл шешімге қарсылық білдіріп, кейін оның қызметтен кетуіне қол жеткізген. Темірғали Көпбай осы оқиғадан соң пікірін ашық айтқан ұстаздарға қысым басталғанын мәлімдеді.
«Бірақ осы тағайындауға байыпты қарсылық білдіріп, пікірін ашық айтқан ұстаздарды қудалау басталды. Кеңес заманындағыдай «қара тізім» жасалды. Енді, міне, сол «қара тізімге» ілінгендерге сағат бермейміз деп сіресіп отыр», – деп жазды ол.
Оның пайымынша, оқытушыларға дәріс сағатын бермеу арқылы кек қайтару әрекеті жасалған. Сондай-ақ ол кадр іріктеуде декандар мен кафедра меңгерушілерінің ұсыныстары ескерілмейтінін сынап, ректорды оқытушы-профессорлардың баламалы негізде сайлауын енгізуді ұсынды. Көпбай университетті өздерінің «қасиетті үйі» санайтынын, алайда еркін пікірге орын жоқ ортада жұмыс істеуді жалғастырмайтынын жеткізді.
«Азат пікір, еркін ой жоқ жерде даму да жоқ» деген ол мәлімдемесі «Бұдан кейін шақырсаңдар да бармаймыз. Осымен сөз бітті! Біз журфактан кеттік» деп аяқтады.
ҚазҰУ еңбек шарттары мен конкурс нәтижесін алға тартты
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ төрт оқытушыға қатысты жеке-жеке түсінік берді. Университет мәлімдемесі басқарма мүшесі – академиялық мәселелер бойынша проректор Алина Көлбайқызы Галееваның атынан таратылды. Оқу орнының хабарлауынша, профессор Кәкен Қамзин мен доцент Темірғали Көпбайдың еңбек шарттарының мерзімі аяқталған. Ресми мәлімдемеде олардың аты-жөні Кәкен Хамзин және Темірғали Көпбаев деп көрсетілген. Ал аға оқытушы Ермахан Шайхы академиялық біліктілігін анықтау үшін өткізілген конкурстық комиссия отырысына қатыспаған. Университет оның белгіленген рәсімнен өтуден бас тартқанын хабарлады. Аға оқытушы Мұрат Шаймаран, оқу орнының түсіндіруінше, академиялық талаптарға сәйкестігін бағалау мақсатында өткізілген конкурстан өте алмаған дейді оқу орыны.
ҚазҰУ лауазымға қабылдау рәсімі белгіленген тәртіппен жыл сайын жүргізілетінін атап өтті. Арнайы комиссия үміткерлердің ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектерін, педагогикалық тәжірибесін, дәріс беру біліктілігін және өзге талаптарға сәйкестігін бағалайды.
«Тиісті шешімдер қолданыстағы заңнамаға және университеттің ішкі нормативтік құжаттарына сәйкес қабылданады», – делінген мәлімдемеде.
Университеттің берілген түсіндірмесінде Темірғали Көпбай айтқан «қара тізім», ашық пікір білдірген ұстаздарды қудалау және дәріс сағатын бермеу туралы уәждерге жеке жауап келтірілмеген.