Биыл күз қандай болады: «Қазгидромет» үш айлық ауа райы болжамын жариялады
Қазан және қараша айларында Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы қалыпты мөлшерден жоғары болады.
«Қазгидромет» синоптиктері 2026 жылдың күз мезгіліне арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қыркүйек: температура қалыпты, кей өңірлерде жылырақ болады
Қыркүйек айында еліміздің басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы климаттық норма шамасында болады.
Ал Батыс Қазақстан облысының басым бөлігінде, сондай-ақ Атырау мен Маңғыстау облыстарының батысында ауа температурасы нормадан 1 градусқа жоғары болады деп күтіледі.
Еліміздің көп бөлігінде жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейде болады.
Қалыпты мөлшерден көп жауын-шашын:
- Солтүстік Қазақстан облысында;
- Павлодар облысында;
- Батыс Қазақстан облысының басым бөлігінде;
- Ақмола облысының басым бөлігінде;
- Атырау облысының солтүстік-батысында;
- Қостанай облысының солтүстік-шығысында;
- Қарағанды облысының ең солтүстігінде;
- Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының солтүстік бөлігінде күтіледі.
Қалыпты мөлшерден аз жауын-шашын:
- Қызылорда облысының басым бөлігінде;
- Түркістан облысының басым бөлігінде;
- Маңғыстау облысының оңтүстік-шығыс бөлігінде;
- Ақтөбе облысының оңтүстігінде;
- Жамбыл облысының оңтүстік-батысында болжанады.
Қазан: еліміздің көп бөлігінде жылы болады
Қазан айында Қазақстанның басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы климаттық нормадан 1–2 градусқа жоғары болады.
Ал Алматы, Жетісу, Шығыс Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, Түркістан мен Жамбыл облыстарының оңтүстік-шығысында, сондай-ақ Абай облысының оңтүстік-шығыс бөлігінде температура қалыпты деңгейде сақталады.
Қазан айында республика аумағының барлық өңірінде жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында болады деп күтіледі.
Қараша: жылы ауа райы сақталады
Қараша айында да Қазақстанның басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы климаттық нормадан 1–2 градусқа жоғары болады.
Алматы, Абай, Жетісу, Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Жамбыл, Қарағанды және Павлодар облыстарының шығыс бөлігінде температура қалыпты деңгейде болады.
Қараша айында республиканың басым аумағында жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейде болады.
Ал Солтүстік Қазақстан облысында, Қостанай, Ақмола және Павлодар облыстарының солтүстік бөлігінде жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан көп болады деп болжанып отыр.