БілімЖаңалықтар

Биыл кімдер ЖОО-ға жеңілдетілген грант ала алады

Осы жылы талапкерлер Қазақстанда жоғары білімге арналған мемлекеттік грантты жеңілдетілген квоталар арқылы алу мүмкіндігін кеңінен пайдалана алады, деп хабарлайды Tizgin.kz Ұлттық тестілеу орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап

ҚОСЫМША АНЫҚТАМА ТАЛАП ЕТІЛМЕЙДІ

Анықталғандай, білім беру гранттарын бөлу барысында ауыл жастарына арналған ауылдық квота сақталып отыр. Оның көлемі жекелеген білім беру бағдарламалары бойынша жалпы грант санының 35 пайызын құрайды. Бұл норма ауыл мектептерін бітірген түлектерге жоғары білімге қолжетімділікті арттыру мақсатында қарастырылған.

Аталған квота елдің өңірлік дамуына тікелей әсер ететін бағыттарды қамтиды. Олардың қатарында педагогика, ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы, ветеринария, медицина және еңбек нарығында сұранысқа ие өзге де мамандықтар бар.

Айта кетерлік жайт, ауыл мектебін бітіргенін растайтын қосымша анықтамалар талап етілмейді. Түлектің мәртебесі мемлекеттік деректер базасы арқылы автоматты түрде ескеріледі.

Сонымен қатар әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған арнайы квота да қарастырылған. Бұл санатқа жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған азаматтар кіреді. Бұл квота жалпы грант көлемінің 1 пайызын құрайды.

КВОТАҒА КІМДЕР ҮМІТКЕР

Айталық, осы жылы «Педагогикалық ғылымдар» бағыты бойынша 12 228 грант бөлінсе, соның 122 орны осы санаттағы талапкерлерге арналады.

Аталған квотаға үміткер бола алатындар:

  • ата-анасының екеуі немесе біреуі қайтыс болған жетім балалар;
  • ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • кәмелетке толмай тұрып, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар.
Back to top button