«Бішкекке келмеңіз дедім»: Қырғыз президенті Жапаров Әблязовпен сөйлескенін айтты
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 2020 жылы Мұхтар Әблязовпен телефон арқылы сөйлескенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Әблязов Бішкекке келіп, Қазақстанда революция ұйымдастыруға рұқсат сұраған. Жапаров бұл ұсынысты қабылдамағанын айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz Super.kg басылымына сілтеме жасап.
«Көрші елдердің саясатына араласпаймын»
Жапаровтың сөзінше, сол кезде оған телефонды қазір түрмеде отырған Мелис Аспеков берген. Қырғызстан президенті әңгіме Әблязов айтқандай 40 минутқа созылмағанын, небәрі бірер минут сөйлескенін жеткізді. Оның айтуынша, Әблязов әңгіме барысында өзінде Қырғызстан паспорты бар екенін және оны Алмазбек Атамбаевтың тұсында алғанын айтқан.
«Оны тыңдап болған соң, үзілді-кесілді жауап бердім: “Біріншіден, мен көрші елдердің саясатына араласпаймын. Екіншіден, сіз үшін Қазақстанмен қарым-қатынасты бұзбаймын. Келмегеніңіз дұрыс, өз шаруаңызбен айналысыңыз” дедім», – деді Жапаров.
Қырғыз президенті бұған дейін Әблязовпен таныс болмағанын да атап өтті.
Әблязовтен ақша сұрағанын жоққа шығарды
Садыр Жапаров Әблязовтен ақша сұрағаны туралы мәлімдемені де теріске шығарды. Ол мұндай тұжырымды қисынсыз деп бағалап, сол кезде қаржыға мұқтаж болмағанын айтты.
«Франциядағы жеке тіршілігі үшін қазақ халқынан теңге сұрап жүрген қайыршыдан мен ақша сұрады дегенге кім сенеді? Бұл мәлімдемелер қисынға келмейді. Революция өтіп қойған, мен билікке келген едім. Ол кезде маған ақша қажет болған жоқ. Мені түрмеден шығарып, президенттікке алып келген халық ақшасыз да сайлай алатын еді», – деді Қырғызстан президенті.
Осылайша, Жапаров Әблязовпен телефон арқылы сөйлескенін растағанымен, әңгіменің ұзақтығы мен ақша сұрағаны туралы айтылғандарды жоққа шығарды.