$ 441.88 € 503.61 ₽ 5.24
Жаңалықтар

Бірнеше банкте қарызы бар қазақстандықтарға жаңа мүмкіндік ұсынылды

Бірнеше банкте және микроқаржы ұйымдарында мерзімі өткен қарызы бар қазақстандықтарға берешекті бір рәсім аясында реттеуге мүмкіндік беру ұсынылып отыр. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жариялаған қаулы жобасында айтылған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бірнеше қарызды бір рәсіммен реттеу

Ұжымдық реттеу кепілсіз тұтынушылық несиелері немесе микронесиелері бойынша екі немесе одан да көп ұйым алдында мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушыларға ұсынылады. Бұл ретте адамның мүлік кепілімен қамтамасыз етілген несиелері болмауы тиіс.

Өтінішті онлайн беруге болады

Қарыз алушы әр банкпен немесе МҚҰ-мен жеке-жеке келіссөз жүргізудің орнына, электронды түрде өтініш бере алады. Ол үшін банк және микроқаржы омбудсмандары жанындағы ұжымдық реттеу платформасы пайдаланылмақ.

Одан кейін омбудсман кредиторлармен келіссөз жүргізу процесін үйлестіреді. Оның ішінде кредит шарттарын өзгерту және қарыздарды өтеудің ортақ кестесін жасау мәселелері қаралады.

Кредиторларға үш жұмыс күні беріледі

Өтініш түскеннен кейін омбудсман рәсімді бастау үшін қажетті әрекеттерді үш жұмыс күні ішінде орындауы тиіс.

Ал платформа арқылы сұрау алған кредиторлар да үш жұмыс күні ішінде қарыз туралы ақпаратты тексеріп, оны ұжымдық реттеуге қосуға келісетін-келіспейтінін хабарлауы қажет. Егер кредитор келісім бермесе, бас тарту себебін көрсетуі немесе берешек сомасына қатысты мәліметтерді нақтылауы тиіс.

Қарызды өтеудің ортақ кестесі жасалады

Егер кредиторлар ұсынылған шарттарды мақұлдаса, қарыз алушыға платформа арқылы жалпы хаттаманың жобасы және әр ұйыммен жасалатын медиативтік келісімдер жіберіледі. Сондай-ақ, оның барлық қарызы бойынша жиынтық өтеу кестесі есептеледі.

Құжаттарға қол қоюға 72 сағат беріледі

Құжаттарды алғаннан кейін қарыз алушыға оларды электрондық цифрлық қолтаңба арқылы рәсімдеуге немесе бас тарту себебін көрсете отырып, келісімнен бас тартуға 72 сағат беріледі. Егер осы уақыт ішінде қарыз алушы ешқандай құжатқа қол қоймаса, ұжымдық реттеу рәсімі тоқтатылады.

Бас тартқан жағдайда не болады

Қарыз алушы рәсімнен бас тартқаннан кейін әр кредитормен жеке келіссөз жүргізуді жалғастыра алады. Бұл процеске омбудсман да қатыса алады. Кредиторлар заңда көзделген берешекті өндіріп алу шараларын қолдануға құқылы болады.

Кредитор келісім бермесе

Жоба банк немесе МҚҰ қарыз шарттарын өзгертуге келіспеген жағдайда жасалатын әрекеттерді де қарастырады. Кредитор қарыз алушыға дауды сотқа дейін реттеу үшін үш ай ішінде банк немесе микроқаржы омбудсманына жүгінуге құқығы бар екенін хабарлауы тиіс.

Жаңа тәртіп қашан енгізіледі

Қаулының негізгі бөлігі алғашқы ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң күшіне енуі тиіс.

Ал бірнеше қарызды бір рәсім аясында реттеуге және арнайы платформаға қатысты нормаларды 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу ұсынылған.

Қазіргі уақытта құжаттың мәртебесі – жоба.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button