Жаңалықтар

Бір айда 14 733 адам: Қазақстан халқының саны қаншаға жетті

Қазақстан халқының саны 20 миллион 633 мың адамнан асты. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бір айда ел тұрғындарының саны 14 733 адамға көбейген, деп хабарлайды Tizgin.kz.

2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда 20 633 529 адам тұрады. Бір ай бұрын, яғни 1 қыркүйекте бұл көрсеткіш 20 618 796 адам болған.

Ресми статистикаға сәйкес, елдегі қала тұрғындарының саны 13 254 158 адамға жеткен. Ал ауылдық жерлерде 7 379 371 адам тұрады. Осылайша, қазақстандықтардың шамамен 64,2 пайызы қалаларда, қалған 35,8 пайызы ауылдық елді мекендерде тұрып жатыр.

Фото: stat.gov.kz/ЖИ көмегімен өңделді

Халық саны жағынан Алматы қаласы көш бастап тұр. Еліміздің ең ірі мегаполисінде 2 348 103 адам тұрады. Екінші орында 1 639 176 тұрғыны бар Астана қаласы орналасқан. Үшінші орында – халқының саны 1 294 050 адамға жеткен Шымкент.

Облыстар арасында халық ең көп шоғырланған өңір – Түркістан облысы. Мұнда 2 149 205 адам тұрады. Одан кейін Алматы облысы (1 596 532 адам) мен Жамбыл облысы (1 215 656 адам) тұр.

Ал халық саны ең аз өңір – Ұлытау облысы. Ресми мәлімет бойынша, облыста 219 049 адам тұрады.

Back to top button