Биліктің де, қоғамның да қателесуге құқы жоқ – Тоқаев
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөз сөйледі. Ол сыртқы геосаяси факторлардың елдің ішкі саяси жағдайларға әсеріне жеке тоқталған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Латын Америкасындағы, Таяу Шығыстағы оқиғалар геосаясатқа өзгерістер әкелгеніне қарамастан, еліміз жақын және алыс орналасқан мүдделес мемлекеттердің барлығымен жан-жақты ынтымақтастықты ұдайы дамыта береді. Қазір сыртқы саясат пен дипломатияның рөлі арта түсті. Бұл Қазақстан үшін де маңызды. Ел ішіндегі ахуалға, экономикаға немесе саяси реформаларға белгілі дәрежеде халықаралық жағдайлар ықпал етеді”, – дейді ол.
Президент осы орайда Қазақстанның табысты дамуына бірлік пен тұрақтылық негіз болмақ деді. “Бұл – біздің бұлжымас қағидаттарымыз” деп те атап өтті.
“Дегенмен аталған факторлардың орнықтылығы – өткеннің мұрасы емес, отандастарымыздың жоғары азаматтық және саяси жауапкершілігінің жемісі. Ішкі саясаттың осынау нәзік саласында биліктің де, қоғамның да қателесуге құқы жоқ. Оның салдары өте ауыр болуы мүмкін. Бұл арада құйтырқылық пен бос мақтанға орын жоқ. Бүгінде ескілікті аңсайтын, діни әрі ұлттық құндылықтар мен елдік мүдде турасында қате түсінікке негізделген әсіре консервативті саяси жүйе заман талабына сай келмейтініне, сәтсіздікке ұшырататынына көз жеткізіп отырмыз”, – дейді ол.
Мемлекет басшысы алға қадам басқанның аяғынан шалу – кері кету, тіпті, тіршілік заңына қарсылық саналатынын айтады.
“Алайда асығыс, сарапқа салмай қабылданған өзгерістер мен шешімдердің салдары тым ауыр. Сондықтан мен құр ұранмен реформа жасауға түбегейлі қарсымын. Барлық бастама ақылға қонымды болғаны жөн. Егер өзеннің арғы жағасына өткің келсе, тереңге бойлай алатыныңа сенімді болуың керек. Тұрақтылықты бірер күнде, тіпті санаулы сағатта бұзуға болады. Ал оны қалпына келтіруге ондаған жылдар қажет. Сондықтан Заң мен тәртіп тұжырымдамасын ұстану өте өзекті деп білемін. Бұл тұжырымдама саяси жүйеміз бен өмір салтымыздың негізі. Еш популизм емес. Ортақ Отанымыз, Қазақстан Республикасының тағдыры тек өзіміздің қолымызда екенін ешқашан ұмытпағанымыз абзал. Шынын айтқанда, біздің жаһандық дүрбелеңдерге төтеп беруге дайын не дайын емес екеніміз, қоғамымымыздың қандай мәселеге бас қатыратыны ешкімге маңызды емес. Жаңа дәуірге қадам бастық. Озық ойлы ұлт ретінде қазіргі сын-қатерлерге бейімделіп, оған жасампаздықпен жауап беруіміз қажет”, – дейді Тоқаев.
Президент елімізде ауқымды реформалар жүргізуде бір ғана мақсатты көздейміз деп атап өтті. “Бұл – мемлекетіміздің Тәуелсіздігі мен егемендігін нығайту, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халқымыздың әл-ауқатын жақсарту” дейді ол.