
Ол автобандардағы әскери колонналар мен Берлиндегі ғимараттардың суреттерін түсіріп, кейін оларды Ресейдің барлау қызметіне беріп отырған деген күдікке ілінген.. Күдікті тыңшы Берлинде ұсталды, деп жазады Евроньюс.
Германия Федералдық прокуратурасының бағалауынша, Қазақстан азаматы «кемінде 2025 жылдың мамыр айынан бері Германия аумағынан Ресейдің барлау қызметімен үздіксіз байланыста болған».
Күдікті – Қазақстан азаматы Сергей К. Сейсенбі күні федералдық прокуратура оны ұстауға санкция беріп, оның мекенжайында, сондай-ақ іске қатысы жоқ тағы бір адамның үйінде тінту жүргізді.
Ресей барлау қызметінің агенті
Германияның бас федералды прокуроры Сергей К.-ны Ресейдің барлау қызметі үшін жұмыс істеді деп айыптап отыр. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол кемінде 2025 жылдың мамыр айынан бері Ресей барлау өкілдерімен байланыста болып, ұсталғанға дейін белсенді әрекет еткен.
Сергей К. құпия сипаттағы мәліметтерді берген деген күдік бар. Атап айтқанда, Германияның Украинаға көрсетіп жатқан әскери көмегі, сондай-ақ Германияның қару-жарақ және қорғаныс өнеркәсібі туралы ақпараттарды жеткізген. Әсіресе дрондар мен роботтар жасап шығаратын компаниялар жөніндегі мәліметтерді бергені айтылады.
Бұдан бөлек, прокуратура оның Берлиндегі қоғамдық ғимараттардың және автобандардағы әскери колонналардың суреттерін бірнеше рет жібергенін мәлімдеді. Олардың арасында Германия аумағы арқылы өткен НАТО-ға мүше өзге елдің колоннасы да болған.
Сондай-ақ күдікті Германиядағы диверсия жасауға қолайлы нысандарды барлап, диверсиялық әрі тыңшылық топқа қосымша адамдар тартуды ұсынған болуы мүмкін.
Қамауға алу мәселесі шешіледі
Сәрсенбі күні Сергей К. Германия Жоғарғы сотының тергеу судьясына жеткізіледі. Оған қатысты қамауға алу туралы ордер шығарылуы мүмкін. Сондай-ақ оның тергеу изоляторына жіберілу-жіберілмеуі шешіледі.
Ресейге қатысты алғашқы тыңшылық ісі емес
Бұл Ресеймен байланысты алғашқы тыңшылық ісі емес. Биыл наурыз айында Германиядағы дрон өндіруші компанияны аңдыды деген күдікпен екі адам ұсталған болатын. Ал ақпанда 2024 жылдың маусымынан бері Германия, Литва және Польшада тыңшылық жасады деген күдікпен Беларусь үшін жұмыс істеді делінген тағы бір адам қолға түсті.