Қоғам

«Баян өзі шешеді»: Меруерт Өтекешова қамзол дауына нүкте қойды

Актриса Меруерт Өтекешова Майя Бекбаеваға берген сұхбатында “Қыз Жібек” фильмінен қалған қамзол жайлы дауға нүкте қойды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

“Қамзолға қатысты туған дау маған да біртүрлі көрінді. Мен оны іздеген жоқпын, себебі киностудияда болған кезімде сұрағанмын, сол кезде қайта құру кезінде костюмдердің көбі жоғалып кеткенін білдім. Қамзолды да Баян үстіне киіп тұрған кезінде ғана көрдім. Оның киіп тұрғанына көпшілік наразы болғанын түсінемін, бірақ шығармашылық адам оны көріп, таңғалып, үстіне шақ екенін көргенде – ол Баянның ішкі тамсануы еді. Әлбетте, ол ешкімді ренжіткісі келген жоқ. Баян Алагөзова әлбетте, оны сақтап, музейге береді. Ол соның шешімі болмақ. Сол үшін оған кінә тағып, “Меруерт Өтекешова оны берген екен” деген әңгіменің жөні жоқ”, – деді ол.

Актрисаның сөзінше, фильмді түсіру кезінде киімге костюмерша мен картина директоры жауап береді.

Бұған дейін Алагөзова Instagram желісінде қамзолды көрсетіп, оның сыйлық ретінде өзіне берілгенін айтқан еді. Дәл сол қамзолды актриса Меруерт Өтекешова «Қыз Жібек» фильмінде басты рөлді сомдаған кезде киген. Алайда сол қамзолды Баян Алагөзованың үстінен көрген желі қолданушыларының пікірі екіге жарылып, “өнер мұрасы продюсердің қолына қалай түсті” деп ашулы жазба қалдырғандар да болған.

Осыдан кейін Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желілерде осы тақырып талқыланып жатқан кеткен соң түсініктеме таратып, қамзолдың оған қалай берілгені анықталып жатқанын хабарлаған еді.

Кейін Баян Алагөзова Меруерт Өтекешоваға өмір бойы айына 1 млн теңгеден беретінін мәлімдеді.

Back to top button