Батыс Қазақстанға салынған инвестиция 1 трлн теңгеден асуы тиіс – Нариман Төреғалиев

Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің жартыжылдық қорытындысы қаралған кеңес өткен, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Өңірдің көрсеткіші қандай
Есепті кезеңде негізгі 7 көрсеткіштің 5-інде оң динамика байқалды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің нақты көлем индексі 104,2%, негізгі капиталға инвестициялар 123%-ға жетті.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 143,6 млрд теңгені құрады. 223 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ішкі сауданың нақты көлем индексі 100,5%-ды көрсетті.
Әкім қандай тапсырма берді
Облыс әкімі жауапты басқарма басшыларының баяндамасын тыңдаған соң, бірқатар бағытта жұмысты жандандыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Аймақ басшысы экономиканы әртараптандырудың маңызына тоқталды.

“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алдымызға қойған негізгі тапсырмаларының бірі – экономиканы әртараптандыру. Биыл негізгі каиталға салынатын инвестиция көлемін 1 трлн 51,2 млрд теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл бағытта жұмысты күшейтуіміз қажет. Өңір экономикасына жеке инвестиция көлемін ұлғайту, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, жергілікті қамту үлесі мен экспорттық әлеуетті арттыру, импортқа тәуелділікті төмендету маңызды, – деді Нариман Төреғалиев.
Аймақ басшысы келесі отырыста салалар бойынша негізгі көрсеткіштерге қол жеткізе алмай отырған басқарма басшылары мен аудан әкімдерін тыңдайтынын айтып, нәтижелі жұмыс істеуді тапсырды.
