Батыс Қазақстан облысы Орынбор аймағымен шекара бекеттерінің өткізу мүмкіндігін арттырмақ
Нариман Төреғалиев Орынбор губернаторымен ынтымақтастық мәселелерін талқылады
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бастаған делегация Орынбор облысына барып, өңіраралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Кездесуде сауда, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және Жайық өзенінің су ресурстарын сақтау мәселелеріне басымдық берілді, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы БҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сауда және көлік байланысы кеңейтіледі
Сапар барысында Нариман Төреғалиев Орынбор облысының губернаторы Евгений Солнцевпен кездесті. Тараптар екі өңір арасындағы сауда-экономикалық, агроөнеркәсіптік және мәдени-гуманитарлық байланысты одан әрі дамыту мүмкіндіктерін қарастырды.

Ресми мәліметке сәйкес, 2023–2025 жылдары Батыс Қазақстан облысының Ресеймен сыртқы сауда айналымы 2,4 млрд АҚШ долларын құраған. Ал биылғы бес айда Батыс Қазақстан мен Орынбор облыстары арасындағы тауар айналымы 11,6 млн долларға жетті.

БҚО аумағы арқылы Қазақстан мен Ресей өңірлерін байланыстыратын маңызды көлік дәліздері өтеді. Осыған байланысты кездесуде шекара инфрақұрылымын жетілдіру, өткізу бекеттерінің мүмкіндігін арттыру және көлік-логистика саласындағы байланысты кеңейту жолдары талқыланды.
Жайыққа төрт айда 4 млрд текше метрге жуық су келді
Келіссөз барысында Жайық өзенінің су ресурстарын сақтау және оларды тиімді пайдалану мәселесі де көтерілді. Биыл екі тараптың бірлескен іс-қимылы нәтижесінде Ирикла су қоймасының қажетті жұмыс режимі қамтамасыз етілген.

Сәуір-шілде айлары аралығында Январцево ауылы маңындағы гидрологиялық бекет арқылы өткен су көлемі 4 млрд текше метрге жуықтаған.

Сонымен қатар тараптар ауыл шаруашылығындағы өндірістік кооперацияны дамыту, озық технологияларды енгізу және тәжірибе алмасу жұмыстарын күшейтуге уағдаласты. Өңір басшылары жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асырып, өзара тиімді әріптестікті тереңдетуге дайын екенін жеткізді.
Сапар соңында батысқазақстандық делегация Орынбор облыстық бейнелеу өнері музейін аралады. 1960 жылы құрылған музей қорында 8 мыңнан астам жәдігер сақталған.