TOP-1

Басқа ел үшін соғысқан қазақстандықтарға жаза жеңілдей ме – ІІМ ұстанымын білдірді

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов депутаттарға берген жауабында басқа мемлекеттердің мүддесі үшін соғысқа қатысқан азаматтарға жазаны ізгілендіру бастамасына қалай қарайтынын жеткізді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Министрдің жауабына сүйенсек, қылмыстық кодекстің 170–172-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру құзіреті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құзыретіне берілген.

“Қазір Әділет министрлігі қылмыстық және қылмыстық-процестік кодекстердің жаңа редакцияларын әзірлеп жатыр. Аталған жұмыс шеңберінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, көрсетілген адамдарды әлеуметтік оңалту бойынша кешенді мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу мәселесі қарастырылуы мүмкін. Заңға сәйкес орталық мемлекеттік органдардың мұндай сипаттағы заңнамалық бастамалары реттеушілік саясаттың консультативтік құжатын әзірлеп, Үкіметтің келісілген ұстанымын қалыптастыруды талап етеді. Өз кезегінде ІІМ уәкілетті органдар әзірлеген тиісті түзетулерді Үкімет немесе Парламент депутаттарының заңнамалық бастамасы тәртібінде қарауға қатысуға дайын екенін
білдіреді”, – дейді жауабында Сәденов.

ДЕПУТАТТАР ҰСЫНЫСЫ

Еске сала кетейік, бұған дейін депутат Жарқынбек Амантайұлы мен Әбутәліп Мүтәлі шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысқан Қазақстан азаматтарына жазаны жеңілдету керек деп бастама көтерген еді. Олардың ұсынған деректеріне сәйкес, қылмыстық кодекстің 172-бабы бойынша (шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу) тіркелген қылмыстық істердің саны жыл сайын өсіп келеді. Атап айтқанда, 2023 жылы – 23 іс, 2024 жылы – 36 іс, 2025 жылы – 141 іс тіркелген. Осы 2025 жылы тіркелген істер бойынша 26 адам сотталған. Депутаттың пайымынша, бұл көрсеткіш әлемдегі әскери қақтығыстың ушығуы салдарынан азаматтарды тарту әрекетінің де еселеп артқанын аңғартады.

Оның пікірінше, осы ретте халықаралық тәжірибені және ұлттық қауіпсіздік мүдделерін ескере отырып, террористік ұйымдар құрамында болмаған және әскери қылмыс жасамаған азаматтарға қатысты қылмыстық саясатты ізгілендіру мәселесін қарастыру орынды болар еді.

Back to top button