Жаңалықтар

Банкрот деп танылған әйелдің 4,5 млн теңге қарызы кешірілді

Кассациялық сот оның жалғыз табыс көзі мүгедектік бойынша берілетін жәрдемақы екенін ескерген, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Аппеляциялық сот

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот 4,5 млн теңге қарызы бар қазақстандық әйелге сот банкроттығы процедурасын қолданды.

Әйелде ЖШС-дағы үлестің болуы кедергі келтірмеді. Өйткені оның шынайы құны небәрі 26 677 теңге.

Бірінші және апелляциялық инстанция соттары бұған дейін әйелге банкроттық процедурасын қолданудан бас тартқан еді. Бұған оның ЖШС жарғылық капиталының 25,9%-ына иелік етуі негіз болды.

Барлық мүлік қаншаға бағаланды

Кассациялық инстанция бұндай тәсілмен келіспеді. Сот компанияның екі жылдан астам уақыт көлемінде іс жүзінде жұмыс істемейтінін, ал барлық мүлкі 103 мың теңгеге бағаланғанын анықтады. Өтініш берушіге тиесілі үлес 26 677 теңгені құрайды, бұл 4,5 млн теңгелік қарызды өтеуге жеткіліксіз. Әйел серіктестікке қатысудан да ешқандай табыс көріп отырған жоқ.

Сот заңды тұлғадағы үлестің формалды түрде болуы сот банкроттығынан бас тартуға өздігінен негіз бола алмайтынын түсіндірді. Мүліктің шынайы құны мен борышкердің іс жүзіндегі төлем қабілеттілігі ескерілуі қажет.

Қорытынды

Істі қарау қорытындысында кассация төменгі инстанциялардың шешімдерін жойып, әйелге қатысты сот банкроттығы процедурасын қолданды.

Back to top button