Жаңалықтар

Балалар 23:00-ден кейін қараусыз жүрсе: ата-аналарға қандай жаза қарастырылған

Сағат 23:00-ден кейін заңды өкілдер кәмелетке толмаған балаларын тұрғын үйден тыс жерде қараусыз қалдырмауы тиіс.

Алматы полициясы кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта көшеде жүруіне қатысты қандай жауапкершілік қарастырылғанын түсіндірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Жыл басынан бері 11 мыңға жуық ата-ана жауапқа тартылған

Алматы қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ногайбаевтың айтуынша, 2026 жылдың жеті айында құқық қорғау органдары кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүруіне қатысты 11 мыңнан астам жағдайды анықтаған.

«Жеті айдың ішінде балалары түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үйден тыс жерде болған 11 мыңға жуық ата-ана жауапкершілікке тартылды», – деді Тимур Ногайбаев.

Сағат 23:00-ден кейін балаларды қараусыз қалдыруға болмайды

Полиция өкілінің айтуынша, сағат 23:00-ден кейін заңды өкілдер кәмелетке толмаған балаларын тұрғын үйден тыс жерде қараусыз қалдырмауы тиіс. Егер бұл талап алғаш рет бұзылса, ата-анаға ескерту жасалады. Егер осы құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, ата-анаға айыппұл салынады.

Жауапкершілік Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабы бойынша қарастырылған. Бұл бап кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуына қатысты.

Ойын-сауық орындарында болған жағдайда

Егер кәмелетке толмаған бала заңды өкілдерінсіз 22:00-ден 06:00-ге дейін ойын-сауық орнында болса, ата-анасына 3 АЕК көлемінде айыппұл салынады. 2026 жылы бұл 12 975 теңгені құрайды.

Үйден тыс жерде жүрген балаға қатысты

Егер бала заңды өкілдерінің қарауынсыз 23:00-ден 06:00-ге дейін тұрғын үйден тыс жерде жүрсе, алғашқы құқық бұзушылық кезінде ата-анаға ескерту жасалады. Ал осы жағдай бір жыл ішінде қайталанса, ата-анаға 7 АЕК көлемінде айыппұл салынады. 2026 жылы бұл 30 275 теңгеге тең.

Полиция ата-аналарға үндеу жасады

Тимур Ногайбаев ата-аналарды балаларының бос уақытын бақылауды күшейтуге шақырды. Полиция өкілі ата-аналарға түнгі уақытта балаларын қараусыз қалдырмай, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын еске салды.

Еске салсақ, балалар психиатры, жасөспірімдер психикасын 30 жыл бойы зерттеумен айналысқан француз психоаналитигі Мишель Венсан жасөспірімдік кезеңді жай ғана «қиын шақ», мәселелер жиынтығы, жай ғана биологиялық өсу кезеңі емес, тұлғаның қайта құрылуы жүретін күрделі психикалық процесс екенін айтады. Осы кезеңде күйзеліс, мазасыздық, қарым-қатынас қиындықтары немесе мінез-құлықтағы өзгерістер жиі кездеседі және оларды баланың ішкі психикалық әлемімен байланыстыра қарастыру қажет.

Back to top button