$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

Балағат сөз айтқан Еркебұлан Тоқтарға айыппұл салынды

Танымал қазақстандық ММА файтері, актер әрі блогер Еркебұлан Тоқтар ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты оны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Әлеуметтік желідегі видеоға прокуратура назар аударған

Алматы қаласының прокуратурасы әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг кезінде Еркебұлан Тоқтардың көпшілік алдында балағат сөздер айтқан видеосын анықтаған.

Материал сотқа жолданып, істі қараған Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты спортшының әрекетін ұсақ бұзақылық деп бағалады.

«Танымал болу жауапкершіліктен босатпайды. Әлеуметтік желілерден белгілі ММА файтері Еркебұлан Тоқтардың балағат сөздер айтқан видеосы анықталды», – деп хабарлады қалалық прокуратура.

Сот қандай жаза тағайындады

Сот Еркебұлан Тоқтарды Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабына сәйкес кінәлі деп таныды. Аталған баптың санкциясы бойынша оған 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 86 500 теңге айыппұл салынды.

30 жастағы Еркебұлан Тоқтар – аралас жекпе-жекте өнер көрсетіп жүрген қазақстандық спортшы. Ол кино актері және блогер ретінде де көпшілікке танымал.

Back to top button