Балаева Қауіпсіздік кеңесінде қандай мәселелерге жауапты болады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесі мен оның аппараты туралы ережені бекітіп, Кеңес төрағасының орынбасары Аида Балаеваның өкілеттіктерін айқындады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Құзыретіне не кіреді
Ресми дерекпен Президенттің баспасөз қызметі бөлісті. Мәлім болғандай, Аида Балаева Қауіпсіздік кеңесі төрағасы актілері мен тапсырмаларының, сондай-ақ Кеңес шешімдерінің орындалуын бақылауға алады.
Сонымен қатар ол ұлттық қауіпсіздік, елдің қорғаныс қабілеті, заңдылық пен құқықтық тәртіп мәселелері бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдар жұмысын үйлестіреді.
Балаеваның құзыретіне ақпараттық және киберқауіпсіздік, соның ішінде жасанды интеллектіні пайдалану, дербес деректерді қорғау, сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимыл, сондай-ақ азаматтық қорғау мәселелері кірді.
Бұдан бөлек, Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары халықаралық ынтымақтастық мәселелерімен айналысып, Кеңес аппаратының жұмысын үйлестіреді.
Қауіпсіздік кеңесінің негізгі міндеттері
Қауіпсіздік кеңесі мен оның аппараты жаһандық қауіп-қатерлер мен сын-қатерлерді, сондай-ақ Қазақстандағы ішкі жағдайдың өзекті мәселелерін жан-жақты талдайды.
Аппараттың жұмысы ұлттық қауіпсіздік саласындағы тәуекелдерді бақылауды күшейтіп, мемлекеттік басқару тұрақтылығын қамтамасыз етуге және Президент пен Қауіпсіздік кеңесі қабылдаған шешімдердің орындалуын қамтамасыз етуге бағытталады.