29 қыркүйекте Аичи және Нагояда (Жапония) өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында кезекті жарыс күні аяқталды. Қазақстан құрамасы бір күміс және екі қола жүлде жеңіп алды, деп хабарлайды Ұлттық олимпиада комитеті.
Қазақстанға күміс жүлдені Кристина Овчинникова сыйлады. Биіктікке секіруден өткен финалда қазақстандық жеңіл атлет 1,87 метрді бағындырып, екінші орынға ие болды. Ал Өзбекстан өкілі Барнохон Сайфуллаева 1,90 метрді еңсеріп, жарыс жеңімпазы атанды.

Кураштан 87 келіден жоғары салмақта сынға түскен Арайлым Шегенова қола жүлдегер атанды. Финалға шығу жолындағы белдесуде қазақстандық спортшы Оңтүстік Корея өкілі Ким Мин Ёнмен кездесті. Бұл белдесуде кореялық спортшы жеңіске жетті. Осылайша, Арайлым Шегенова Азиада-2026 ойындарының қола жүлдесін иеленді.

Қазақстан ерлер құрамасы стенд атудан командалық трап сайысында тағы бір қола медаль жеңіп алды. Даниил Почивалов, Әлішер Айсалбаев және Марк Почивалов 348 ұпай жинады. 355 ұпаймен Кувейт құрамасы жеңіске жетсе, 349 ұпай жинаған Қатар күміс жүлдеге ие болды. Бұл Қазақстанның Азия ойындарында ерлер арасындағы командалық трап сайысында жеңіп алған алғашқы медалі болды. Траптан өткен жекелей жарыста Әлішер Айсалбаев пен Элеонора Ибрагимова финалға жолдама алды. Шешуші кезең қорытындысында Әлішер жетінші, ал Элеонора сегізінші орынға тұрақтады.

Бокстан Айбек Оралбай 90 келіден жоғары салмақта финалға шықты. Жартылай финалда қазақстандық боксшы Үндістан өкілі Нарендерді жеңді. Енді ол 2 қазанда алтын медаль үшін жұдырықтасады.
Ауыр атлетикадан Любовь Ковальчук жүлдеге бір қадам жетпей қалды. 86 келіден жоғары салмақта өнер көрсеткен қазақстандық спортшы жұлқа көтеруде 115 келіні, серпе көтеруде 152 келіні еңсерді. Екі жаттығу қорытындысы бойынша 267 келі жинаған Любовь Ковальчук төртінші орын алды. Ал Айғаным Жанболат 86 келіге дейінгі салмақта 232 келі көрсеткішпен жетінші орынға тұрақтады.
Қазақстан ерлер құрамасы су добынан Азия ойындарының жартылай финалына жолдама алды. Ширек финалда команда Оңтүстік Корея құрамасын 18:14 есебімен жеңді. Қазақстан ерлер құрамасы волейболдан да жарыс күнін жеңіспен аяқтады. Топтық кезеңдегі кездесуде қазақстандық волейболшылар Өзбекстан құрамасынан 3:1 есебімен басым түсті.
Велотректен Қазақстан құрамасы командалық із кесу жарысының В финалына шықты. 30 қыркүйекте қазақстандықтар қола медаль үшін Оңтүстік Корея құрамасына қарсы бақ сынайды.
Оныншы жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 48 медаль бар: 9 алтын, 14 күміс және 25 қола. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан сегізінші орында тұр.
Сурет: Нұрғали Жұмағазы, Арлан Олжабай, Сали Сабиров, Никита Басов, Владислав Семенов