Азиадада өзбек спортшылары допингпен ұсталып жатыр
Жапониядағы Азия ойындарында екі өзбекстандық спортшы допинг дауына ілікті

Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында Өзбекстанның екі спортшысы допингке қатысты дауға ілікті. Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) спортшыларды уақытша жарыстан шеттетті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Нодирбек Шавкатовтың сынамасынан мельдоний табылды
Sports.kz мәліметінше, ITA өзбекстандық ММА спортшысы Нодирбек Шавкатовқа қатысты антидопинг ережесін бұзу фактісі болуы мүмкін екенін хабарлаған. 22 қыркүйекте Жапонияда жарыстан тыс алынған сынамадан мельдоний табылған.
Спортшы іс қаралғанға дейін уақытша шеттетілді. Бұл кезеңде оған жарыстарға, жаттығуларға, жаттықтырушылыққа және 2026 жылғы Азия ойындары аясындағы өзге де қызметке қатысуға тыйым салынды.
Шавкатов уақытша шеттетуге Спорттық арбитраж сотының антидопинг бөліміне (CAS ADD) шағым түсіріп, B сынамасын тексеруді талап ете алады. Ол бұған дейін жарыстың қола жүлдегері атанған.
Павел Эйгельдің сынамасынан триметазидин анықталды
Sportarena.kz мәліметінше, Өзбекстан құрамасының тағы бір спортшысы — каноэде ескек есуші Павел Эйгельдің сынамасынан триметазидин табылған. ITA сынаманы 23 қыркүйекте Жапонияда жарыстан тыс допинг-бақылау кезінде алған.
Триметазидин жарыс кезінде де, жарыстан тыс кезеңде де қолдануға тыйым салынған заттар қатарына жатады. Эйгельге анықталған нәтиже туралы хабарланып, іс қаралғанға дейін уақытша шеттету шарасы қолданылған. Спортшы бұл шешімге де шағымдана алады.