TOP-2Жаңалықтар

Ауылда 85 мың теңге айлық жетеді – депутат

Respublica партиясынан Құрылтай депутаты Мейірхат Қасымбаев Қазақстандағы ең төменгі жалақы мөлшеріне қатысты пікір білдірді. Tizgin.kz тілшісі елдегі ең төменгі жалақы қанша болу керектігі жайлы сұрағына депутат ауыл мен қаладағы жағдайды салыстырып жауап берді.

Қазақстанда 2026 жылы ең төменгі жалақы 85 мың теңге болып белгіленген.

«Қалада тұратын адамға жетпейді»

Қасымбаевтың айтуынша, еңбекақы көлемі әр салада әртүрлі. Ол өзі жақсы білетін жол құрылысы саласында ең төменгі еңбекақы 300-350 мың теңге шамасында екенін мысалға келтірді.

«Әр салада әртүрлі жалақылар бар. Әлеуметтік сала бар, мұнай саласы бар, құрылыс саласы бар. Мысалы, жол саласында ең төменгі жалақы 300-350 мың теңге шамасында. Бұл мен өзім білетін саланы айтып жатырмын. Ол жалақыға да кейде біз жұмысшылар таба алмай жатамыз. Жол саласында ол төмен жалақы деп есептеледі», – деді депутат.

Тілші ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі жөніндегі пікірін нақтылауды сұрағанда, Қасымбаев бұл мәселеде құзырлы министрліктің есептері мен өлшемдеріне сүйенетінін айтты.

«Құзырлы министрлік тарапынан халық сұрады деп көтеріп жатқан мәселелер бар. Олардың өзінің сәйкестендірген салыстырмалы статистикалық мәліметтерімен келісемін. Олар өз саласының мамандары ғой. Құзырлы министрліктің өз өлшемдері бар», – деді ол.

Ал қазіргі 85 мың теңге күнкөріске жете ме деген сұраққа депутат:

«Ауылда тұрып жатқан адамға жетіп қалар, ал қалада тұратын адамға, әрине, жетпейді», – деп жауап берді.

«Тамақ өзінен, сүт, көкөніс өзінікі»

Tizgin.kz тілшісі қымбатшылық жағдайында 85 мың теңгенің ауыл тұрғындарына да жеткіліксіз болуы мүмкін екенін айтып, депутаттың пікірін нақтылады.

Қасымбаев ауыл тұрғындарының мал ұстап, бақша егу мүмкіндігі бар екенін алға тартты.

«Ауылдағы адамдар еңбекқор халық қой. Мәселен, сіз қалада тұрасыз, сіздің бақшаңыз жоқ. Ал ауылдағы адамдар мал ұстайды. Тамақ өзінен, сүт, көкөніс өзінікі. Сондықтан 85 мың теңге ауылда тұрып жатқан адамдарға жетеді. Еңбек еткен адамға 85 мың жетіп қалар», – деді депутат.

Сонымен бірге ол қазіргі ауыл тұрмысының бұрынғыдан өзгергенін де атап өтті.

«Біз де ауылдан шыққанбыз. Ауылда бұрынғыдай емес. Бұрын қаладан келгендер ауылдың май-сүті мен нанына жүгіретін. Ал қазір ауылға барсаң, нанды да, сүт пен майды да сатып жеп отыр. Сол себепті ол дұрыс емес деп ойлаймын. Ауыл не үшін керек? Өйткені ауыл бәрін таза жерден жұмыс істеп табу үшін ғой», – деді Мейірхат Қасымбаев.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Tizgin.kz (@tizginkz)

Back to top button