Қоғам

Ауыл мен қала мәртебесін өзгертпес бұрын тұрғындар пікірі ескеріледі

Парламент депутаттары «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымы туралы» Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ПРЕЗИДЕНТ ӨКІЛЕТТІЛІГІ ҚАНДАЙ

Аталған құжат Президент, Үкімет және жергілікті атқарушы органдар арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлуге бағытталған. Заң жобасы жаңа Конституция талаптарына сәйкес әзірленді. Онда әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру, өзгерту, тарату тәртібі, сондай-ақ осы саладағы мемлекеттік органдар құзыреті айқындалады.

Жобаға сәйкес, Президент облыстар мен аудандарды құрып, таратуға, сондай-ақ елдімекендерді республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар санатына жатқызуға өкілетті болады.

ӨҢІРЛЕРДІҢ АУЫЛ МЕН КЕНТТЕРГЕ ЫҚПАЛЫ

Ал Үкімет бұл мәселелер бойынша Мемлекет басшысына ұсыныстар енгізетін болады. Бұдан бөлек, министрлер кабинетінің құзыретіне астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалар шекарасын белгілеп, өзгерту мәселелері енгізілген.

Заң жобасында жергілікті өкіл мен атқарушы органдардың да өкілеттіктері нақты көрсетілген. Нақтысында, өңірлер енді ауылдар мен кенттерге тиісті санат беру, елдімекендер шекарасын өзгерту және олардың облыс немесе аудан деңгейіндегі әкімшілік бағыныстылығын айқындау мәселелерін өздері шешеді.

МИНИСТРЛІК ӨКІЛІ НЕ ДЕЙДІ

Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Бауыржан Омарбеков құжатта қала, ауыл және кент мәртебесіне қатысты нақты талаптар қарастырылғанын айта кетті.

Бұл норма елді мекендердің мәртебесін негізсіз өзгертуге жол бермейді. Мұндай шешімдер тек әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен тұрғындардың пікірін ескере отырып, белгілі бір мерзім ішінде қабылданады. Сондай-ақ әкімшілік-аумақтық бірліктерге атау беру және өзгерту кезінде республикалық, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыреттері нақтыланады, – деді ол.

Бұдан бөлек, заң жобасында әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың шекараларын цифрлық форматта есепке алу көзделген.

Back to top button