Қазақстанда орта жастағы адамдар арасында ас қорыту органдары ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші соңғы ширек ғасырда бірқалыпты өскен. Ұлттық статистика бюросының 2000-2024 жылдардағы деректеріне қарағанда, 40-44 жастағылар арасында бұл көрсеткіш 34,3%, 45-49 жаста 25,7%, ал 50-54 жаста 14,9% артқан. Бұл ретте басқа негізгі өлім себептерінің басым бөлігінде кері динамика байқалады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ширек ғасыр динамикасы
2000 жылы 40-44 жастағы халық арасында ас қорыту органдары ауруларынан болатын өлім-жітім коэффициенті 100 мың адамға шаққанда 39,8 болса, 2024 жылы 53,4-ке жеткен. 45-49 жаста бұл көрсеткіш 62-ден 77,9-ға, ал 50-54 жаста 85,1-ден 97,8-ге өскен. Яғни жасы ұлғайған сайын көрсеткіштің абсолют деңгейі жоғары болғанымен, өсім қарқыны керісінше бәсеңдеген: тиісінше 34,3%, 25,7% және 14,9%.
Бұл көрсеткіштерді басқа негізгі өлім себептерімен салыстырғанда айырмашылық айқын көрінеді. Мәселен, 40-44 жаста қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 2000 жылмен салыстырғанда 53,2%, 45-49 жаста 57,3%, 50-54 жаста 62,2% төмендеген. Жаңа ісіктерден болатын өлім осы жас топтарында тиісінше 52,6%, 61,6% және 62,2% азайған. Жазатайым жағдай, улану және жарақаттан болатын өлім-жітім де 40-44 жаста 63,7%, 45-49 жаста 60,6%, 50-54 жаста 65,3% төмендеген.
Жүрек-қантамыр ауруларының жекелеген түрлерінде де осындай динамика бар. Мысалы, жүректің ишемиялық ауруларынан болатын өлім-жітім 40–44 жаста 84,7%, 45–49 жаста 81,7%, 50–54 жаста 78,9% төмендеген. Гипертониядан болатын өлім-жітім осы үш жас тобында тиісінше 87,1%, 84% және 88,5% азайған. Ми тамырларының зақымдануынан болатын өлім де 47,8%, 57,1% және 65,1%-ға төмендеген.
Инфекциялық және паразиттік аурулардан болатын өлім-жітім 40-44 жаста 87,6%, 45-49 жаста 87,8%, 50-54 жаста 88,4% азайған. Өзін-өзі өлтіруден болатын өлім-жітім тиісінше 75,7%, 68,8% және 79,1%-ға, өлтіруден болатын өлім 80,8%, 79,5% және 79,8%-ға төмендеген. Тыныс алу органдары ауруларынан болатын өлім де 40-44 жаста 20,6%, 45-49 жаста 20,3%, 50-54 жаста 32,9% азайған. Тұмау, жедел респираторлық вирустық инфекциялар және пневмониядан болатын өлім-жітім 40-44 жаста 2,6%, 45-49 жаста 13,9%, 50-54 жаста 16,8% төмендеген.
Демек, 2000-2024 жылдардағы деректердің ішіндегі ерекшелік – ас қорыту органдары аурулары. Өлім-жітім коэффициенті қатарынан үш орта жас тобында да өскен. Бұл коэффициенттерді нақты жас тобындағы халық санына шақсақ, 2024 жылы 40-44 жастағы 248 адам, 45-49 жастағы 349 адам, ал 50-54 жастағы 404 адам ас қорыту органдары ауруынан қайтқан.
Ауылды тамағы сапасыз ба
40-44 жастағы әйелдер арасында ас қорыту органдары ауруларынан болатын өлім-жітім коэффициенті 2000 жылғы 22,3-тен 2024 жылы 30,32-ге дейін өсіп, 36% артқан. 45-49 жаста көрсеткіш 32,6-дан 49,28-ге дейін көтеріліп, өсім 51,2% болған. Ал 50-54 жастағы әйелдер арасында 53,7-ден 55,15-ке дейін, яғни небәрі 2,7% өскен.
Қала мен ауыл арасындағы айырмашылық одан да айқын. Қала халқының арасында 40-44 жаста ас қорыту органдары ауруларынан болатын өлім-жітім коэффициенті 2000 жылғы 42,9-дан 2024 жылы 51,8-ге дейін өсіп, 20,8% артқан. 45-49 жаста көрсеткіш 66,6-дан 79,4-ке дейін көтеріліп, 19,2% өскен. Ал 50-54 жаста, керісінше, 95,5-тен 92,4-ке түсіп, 3,2% төмендеген.
Ауылдағы жағдай бұдан өзгеше. 40-44 жастағы ауыл тұрғындары арасында көрсеткіш 34,8-ден 56,3-ке дейін өсіп, 61,9% артқан. 45-49 жаста 54,4-тен 75,6-ға дейін көтеріліп, өсім 39% болған. Ал 50-54 жаста 67,4-тен 106,3-ке дейін жетіп, бірден 57,7% өскен.
Осылайша, ең үлкен алшақтық ауылдың 50-54 жастағы тұрғындарында байқалады: мұнда ас қорыту органдары ауруларынан болатын өлім-жітім коэффициенті 24 жылда 57,7% өскен, ал қалада осы жаста ол керісінше 3,2% төмендеген. 40-44 жастағылар арасында да ауылдағы өсім қалаға қарағанда шамамен үш есе жоғары – 61,9%. 45-49 жаста бұл айырма тиісінше 39% және 19,2%.
Осы деректер ас қорыту органдары ауруларынан болатын өлім-жітімнің орта жастағы халық арасында ғана емес, әсіресе ауыл тұрғындары арасында бөлек назар аударуды қажет ететінін көрсетеді. Ең бастысы – бұл көрсеткіштің өсуі жүрек-қантамыр аурулары, қатерлі ісік, жарақат және басқа да негізгі себептер бойынша байқалған жалпы төмендеу динамикасынан ерекшеленеді.
Айта кетерлігі, біз атаған көрсеткіштер ауруға шалдыққандар санын емес, ас қорыту органдары ауруларынан болатын өлім-жітім коэффициентінің өзгерісін көрсетеді.
Жалпы 2025 жылы Қазақстан бойынша 193,6 мың адамда ас қорыту органдарының ауруы алғаш рет анықталған.