«Әуе жолдарының бәрі жабық»: Таяу Шығыста қалған қазақстандықтар қалай қайтады
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев соғыс болып жатқан Таяу Шығыста қалған қазақстандықтар елге қалай қайтатынын айтып берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Қазір әуе аймақтарының бәрі жабық. Аталған аймақта орналасқан 10 мемлекет әуежайларын жауып тастады. Соққылар әуежаларға да жасалған. Қазір жіберіліп жатқан рейстер саны бірлі-жарымы ғана. Арнайы бағдарлар берілді. Ұшақ Сауд Арабиясынан шығып, Мысырға өтіп, Түркия арқылы келеді. Екінші бағдар – Сауд Арабиясынан шығып, Пәкістан арқылы Қазақстанға жетеді. Екі бағдар осы”, – деді ол үкіметтегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, жолаушылар саны шамамен 5 мыңға жуық. Бірінші эвакуациялық рейс – FlyDubai арқылы жетті. Эйр Астана мен Скат қазір алты борт дайындап отыр. “Бағдар ашылған уақытта бірден жібереміз” дейді ол.
Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақауов ертең Оманнан Қазақстанның 467 азаматы, Жиддадан 343 азаматы қайтарылатынын айтты. “Бір дегенде көп адамды әкеле алмаймыз. Ең біріншіден, әйелдер мен балалар, қарттар әкелінеді” дейді ол.