Атыраудағы қанды қылмыс: күдіктінің психикалық жағдайына баға беріледі
Атырау облысына қарасты Жангелдин ауылында бір отбасының өліміне қатысы бар деген Сұлтан Сарсемалиевтің әйелі Ақбаян Мұқанғалиева сот-психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізу үшін Алматы қаласындағы сот сараптамалары институтына жіберілді, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
ПРОКУРАТУРА МӘЛІМЕТІ
Атырау облыстық прокуратурасы мәліметінше, күдікті Сұлтан Сарсемалиевке де қатысты кешенді сот-психологиялық және психиатриялық сараптама тағайындалған. Алайда оның қорытындысы әзірге шықпады.
Қазір сотқа дейінгі тергеу сатысында Ақбаян Мұқанғалиеваның әрекеттеріне құқықтық баға берілмеген және оған қатысты бұлтартпау шарасы таңдалмаған. Күдіктілердің іс-әрекетіне түпкілікті құқықтық баға барлық мән-жай анықталып, тағайындалған сараптамалардың қорытындысы алынғаннан кейін беріледі, – деп мәлімдеді прокуратураның баспасөз қызметі.
КҮДІКТІ ҚАМАУДА ОТЫР
Қазір ата-енесі мен әйелінің бауырларын өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сарсемалиевке қатысты қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша іс қозғалды.
Олар:
- 99-баптың 2-бөлігінің 1 және 13-тармақтары – «Екі немесе одан да көп адамды бірнеше рет өлтіру»;
- 188-баптың 2-бөлігі – «Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған ұрлық»;
- 190-бап – «Алаяқтық».
Қазір күдікті Атырауда қамауда отыр.