Атыраудағы қанды қылмыс. Із-түссіз жоғалған екі адамның денесі табылды

Ақжайық басылымы Атырау қаласы маңындағы Геолог шағын ауданында бұған дейін жоғалып кеткен Жангелдин ауылы тұрғыны — Наурыз бен Мейрамгүлдің денесі табылғанын жазды.
Басылымның мәліметінше, олардың денесі күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевтің жұбайымен бірге бұрын жалдап тұрған үйдің ауласынан анықталған.
Кеше Сұлтан Сәрсемәлиев пен оның әйелі Ақбаян Алматы қаласына жеткізілген. Ақжайық Алматыда Сұлтан Сәрсемәлиев Наурыз бен Мейрамгүлді өлтіргенін мойындап, олардың денелерін Геолог шағын ауданында бұрын жалдап тұрған үйдің ауласына көміп тастағанын айтқанын жазады.
Осы ақпарат алынғаннан кейін Атыраудағы тергеушілер аталған аумақта қайтадан іздестіру жұмыстарын жүргізіп, мәйіттерді тапқан.
Еске салайық, іздеу жұмыстары желтоқсан айынан бері жүргізілді. Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан сарбаздары жұмыс істеп, жылжымалы штаб құрылған. Үй аумағы мен оған іргелес жерлер арнайы техниканың, соның ішінде георадарлардың көмегімен тексерілгенімен, бастапқы іздеу шаралары нәтиже бермеген еді.