TOP-2Оқиға

Атырауда оқушы қызды жаралаған бала терезеден секіріп кетпек болған

Атыраудағы BINOM мектебінде оқушы қызды пышақпен жаралаған тоғызыншы сынып оқушысы үшінші қабаттан секіріп кетпек болған, деп хабарлайды Ақжайық.

Еске салайық, оқиға 13 наурыз күні Дінмұхамед Қонаев атындағы BINOM мектебінде болған. Бірінші ауысымда оқитын тоғызыншы сынып оқушысы сол күні мектепке түстен кейін келген. Қолда бар мәліметке сәйкес, ол мұны көзілдірігін ұмытып кеткенімен түсіндірген, әрі мектеп формасында болғандықтан ішке кіргізілген.

Шабуыл үзіліс кезінде болған. Куәгерлердің айтуынша, бір топ қыз мұғалімнен ұялы телефондарын алуға барған, алайда олардың біреуі қалып қойып, дәл сол сәтте шабуылға ұшыраған. Соның салдарынан сегізінші сынып оқушысы мойын, кеуде тұсы және қол аймағынан ауыр жарақат алған. Қыз бала ауруханаға жатқызылып, кеуде тұсындағы ауыр жарақатына байланысты жансақтау бөліміне орналастырылды, кейін хирургия бөліміне ауыстырылды.

“Қазір оның жағдайы тұрақты, орташа ауырлық дәрежесінде бағаланып отыр”, – деп хабарлады облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары Ержан Есболов.

Оқиғадан кейін ата-аналар арасында( дүрбелең басталды. Көпшілігі балаларын үйлеріне алып кеткен. Олардың айтуынша, жағдайды әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған, зардап шеккен қызды жедел жәрдем зембілімен алып бара жатқан видео ушықтырған.

“Әрине, біз қорқып кеттік. «Балаларды мектептен шұғыл алып кетіңіздер» деген хабарлама келді. Біз бірден барып, алып кеттік. Қазір түрлі ақпарат көп, бұл жағдайдың дәл біздің мектепте болғанына сену қиын, — деді мектеп оқушыларының бірінің анасы Алма Кенжебаева.

“Бұл да біреудің аяулы қызы ғой, нәзік жан. Мұны қабылдау өте ауыр. Жасөспірімнің ата-анасы жауап беруі тиіс, — дейді тағы бір ата-ана Салтанат Тілеуова.

Мектеп әкімшілігінің хабарлауынша, жасөспірім есепте тұрмаған және агрессивті мінез-құлық танытпаған. Оның оқу үлгерімі нашар болғаны атап өтілді.

“Оқушы тек үлгерімі төмендер тізімінде болған. Психикалық ауытқулар немесе тәртіп бойынша ескертулер болмаған. Қолында нақты не болғанын — пышақ па, әлде қайшы ма — айта алмаймын, тергеу әрекеттері жүргізілуде”, – деді «BINOM Atyrau» ЖШС директоры Өнербек Ерғалиев.

Жасөспірім ұсталды, қылмыстық іс қозғалды. Оның ата-анасы кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды.

Оқиғадан кейін BINOM мектептерінде қауіпсіздік шараларын күшейту туралы мәлімделді. Кіреберістерге металл детекторларын орнату мәселесі қарастырылуда. Оқу орнында Астанадан келген комиссия өкілдері жұмыс істеп, тексерістер мен тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Back to top button