Атырау облысының әкімі ауысуы мүмкін: мәслихат депутаттары жиналады
Аталмыш ақпарат Атырау облыстық және Атырау қалалық мәслихаттарының ресми сайттарында жарияланды, деп хабарлайды Tizgin.kz
Ақпаратқа сәйкес, Атырау облысының аумағында орналасқан барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жиналысы 17 шілде күні сағат 09:30-да Атырау қаласында өтеді. Қатысушыларды тіркеу сағат 08:00-де басталады.
Ал Ұлытау облысында облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттарының жиналысы 17 шілде күні сағат 11:00-де Жезқазған қаласында өтеді. Депутаттарды тіркеу сағат 10:00-де басталады.
Аталған іс-шаралар Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 8 маусымдағы Жарлығымен бекітілген облыс әкімдерін тағайындауға мәслихат депутаттарының келісім беру қағидаларына сәйкес ұйымдастырылады.
Әзірге облыс әкімі лауазымына ұсынылатын кандидаттардың есімдері жарияланған жоқ.
Айта кетейік, Серік Шәпкенов Атырау облысының әкімі қызметіне 2022 жылдың сәуір айында тағайындалған. Кейін сол жылдың желтоқсанында бұл қызметке қайта тағайындалды.