TOP-2Тергеу

Атырау әкімі міндетін атқарған Тілек Махуовтың үстінен іс қозғалды

Атырау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Тілек Махуовқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын Ұлттық қауіпсіздік комитеті растады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бұған дейін бірқатар БАҚ пен Telegram-арналарда шенеуніктің ҰҚК қызметкерлері тарапынан ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Сондай-ақ оның пара алды деген күдікке ілінгені және іс материалдарында Атыраудағы кәріз коллекторларын күрделі жөндеумен айналысқан мердігер ұйымның да аталғаны хабарланған.

ҰҚК аталған ақпаратты растағанымен, тергеу барысына қатысты өзге мәліметтерді жарияламады.

«Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп мәлімдеді ҰҚК-нің баспасөз қызметі.

Атырау қаласы әкімдігінің ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, 49 жастағы Тілек Махуов әкімнің орынбасары қызметін атқарады. Әр жылдары ол қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы, «Бас жоспар орталығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны бөлімінің басшысы, «ТМ Проектстрой» ЖШС-нің бас инженері, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің Күрделі жөндеу басқармасының бас сарапшысы қызметтерін атқарған.

Қазір іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Back to top button