$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

Атом энергетикасынан ядролық медицинаға дейін: Қазақстан мен АЭХА әріптестікті кеңейтіп жатыр

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА) Қазақстанның атом энергетикасын дамытуға, ядролық қауіпсіздікті нығайтуға және мамандар даярлауға қолдау көрсетуді жалғастыруға дайын. Бұл туралы агенттіктің Бас директоры Рафаэль Мариано Гросси Венада Қазақстанның ұлттық стендінің ашылуында айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Ұлттық стенд 15 қыркүйекте АЭХА Бас конференциясының 70-сессиясы аясында ашылды. Рәсімге Қазақстан делегациясын бастап барған Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Гұмар Серғазин қатысты.

Он жылдық әріптестік: энергетика, қауіпсіздік және медицина

Гұмар Серғазин Қазақстан мен АЭХА арасындағы әріптестіктің жоғары деңгейін атап өтіп, Рафаэль Гроссиге елдің атом саласын дамытуға көрсетіп келе жатқан қолдауы үшін алғыс білдірді.

«Қазақстан мен АЭХА арасындағы ынтымақтастық одан әрі кеңейіп, жыл сайын практикалық әрі мазмұнды сипат алып келеді», – деді Гұмар Серғазин.

Оның айтуынша, Гроссидің биыл мамырда Қазақстанға жасаған сапары екіжақты байланысқа жаңа серпін берген. Сол сапар барысында тараптар 2026–2036 жылдарға арналған ынтымақтастық жөніндегі Жол картасына қол қойған.

Құжат атом энергетикасын, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті, ғылым мен білім беруді, ядролық медицинаны және кадрлар даярлауды қамтиды.

Рафаэль Гросси Қазақстанның атом саласындағы әлеуетін жоғары бағалап, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бағытындағы ынтымақтастық жүйелі дамып келе жатқанын айтты. Ол АЭХА-ның Қазақстанның басым бағыттарын іске асыруға, соның ішінде ядролық технологияларды қолдануға және ғылымды дамытуға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

Қазақстанның төрт ұйымы өз мүмкіндіктерін таныстырды

Ұлттық стендте «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы, «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС, Ұлттық ядролық орталық және Ядролық физика институты ұсынылған.

Экспозиция Қазақстанның ядролық отын циклі, атом энергетикасы, ядролық ғылым мен технологиялар салаларындағы жетістіктері мен мүмкіндіктерін таныстырады.

Стенд аясында жаңа іскерлік және ғылыми байланыстар орнатып, бірлескен жобалар мен зерттеулердің, сондай-ақ инвестиция тартудың келешегін талқылау көзделген.

АЭХА Бас конференциясының 70-сессиясы Венада 14–18 қыркүйек аралығында өтіп жатыр.

Back to top button